10 миллион долларды қайдан алғанын дәлелдей алмаған қазақстандықтың ақшасы қайда жұмсалатыны белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Tengrinews.kz мәліметінше, сот шешімі бойынша мемлекетке құны 404 миллион теңге болатын қымбат әшекейлер, сондай-ақ 4,9 миллиард теңге көлеміндегі қолма-қол қаражат қайтарылып, арнайы мемлекеттік қорға аударылған.
Бастапқыда Бас прокуратура бір қазақстандықтың онымен байланысты адамдар арқылы шығу тегі түсініксіз 10 миллион доллар иеленгенін хабарлаған еді. Одан қолма-қол ақша, қымбат әшекейлер және тарихи-мәдени мұра заттары тәркіленген. Ол заттар, сарапшылардың айтуынша, сақ дәуіріне тиесілі.
10 миллион доллар - қазіргі бағам бойынша 4,8 миллиард теңге. Қалған сома материалдық заттар (әшекей бұйым мен тарихи жәдігер) болуы мүмкін.
"Әшекей түріндегі активтер басқарушы компанияның балансына өткізілді. Басқарушы компания әшекей түріндегі активтерді сатудан түскен қаражат арнайы мемлекеттік қорға аударылады. Комитеттің қарауына түскен мәлімет (соның ішінде қайтарылған мүліктің фотосуреттері) таратуға жатпайтын ақпарат болып саналады", - деп хабарлады Бас прокуратураның Активтерді қайтару комитетіндегілер.
Мемлекетке заңсыз алынған активтерді қайтару туралы заңға сәйкес, басқарушы компанияның мақсаттары: активтерді басқару, олардың сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте қайтарылған активтерді сату.
Еске салайық, 23 тамызда 10 млн долларды қайдан алғанын дәлелдей алмаған азамат байлығын мемлекетке өткізген болатын.
"Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Заң субъектісінің активтерді иемдену көздерінің заңдылығын мониторингілеу және талдау шеңберінде онымен үлестес тұлғаларда пайда болуы түсініксіз активтері анықталды.
Биыл активтерді қайтару жөніндегі комитет 10 млн АҚШ долларынан астам сомаға активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап-арыз берді. Сот талқылауы барысында жауапкерлер өздеріне тиесілі активтерді иемдену көздерінің заңдылығын дәлелдей алмады.
Бірінші сатыдағы сот Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің талаптарын толық қанағаттандырды, сот алқасының қаулысымен жауапкерлердің апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз