10 миллион теңге рәсімдеген. Қарағанды облысында әйел алаяқтарға оңбай алданған

10 миллион теңге рәсімдеген. Қарағанды облысында әйел алаяқтарға оңбай алданған
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Қарағанды облысында әйел алаяқтарға оңбай алданып қалған. Айласын асырғандар бірден бірнеше банктен жалпы сомасы 10 миллион теңгеге несие рәсімдеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мақпал Тілеубердинова Ақөре ауылында тұрады. Ол - Ақөре ауылының мұғалімі, бес баланың анасы. Мақпалға белгісіз біреулер қоңырау шалып, оның атына несие рәсімделіп жатқанын жеткізген. Мақпал ұзақ ойланбастан, бейтаныс адамдардың айтқаны бойынша тез әрекет ете бастаған.

"Маған дәл сол сәтте психологиялық тұрғыдан қиынға соқты. "Менің жеке кабинетімде біреулер несие рәсімдеп жатыр" деп алдап соқты. Маған оған қарсы тұратын бағдарлама орнатуымды сұрады", - дейді Ақөре ауылының тұрғыны Мақпал Тілеубердинова.

Мақпалға келесі күні әртүрлі банктен несие мақұлдағаны туралы хабарламалар бірінен соң бірі келе бастаған. Нәтижесінде 4 банктен жалпы сомасы 10 миллион теңгеге несие рәсімделген. Алданған әйел бірден банк бөлімшелеріне қоңырау шалып, барлық соманы бұғаттауын сұраған.

Кейін ол полиция бөлімшесіне жүгінген. Алаяқтардың құрбаны болғанын айтқанымен, банктер қысқа уақыттың ішінде көпбалалы әйелдің өтінішіне назар аудармастан, ақшаны таратып үлгерген.

Нәтижесінде Мақпал барлық банктерге жазбаша өтініш білдірген. Бірақ банк өкілдері төлемдерді тек үш айға кейінге қалдыра алатындарын айтқан. Алаяқтар басқа тағы 2 банкке несиеге өтінім бергенімен, олар бас тартқан. Сәуірде Мақпал өзіне 160 мың теңге сомасына несие алғысы келген, бірақ банк қарыз беруден бас тартқан. Әйелдің өтініші Ішкі істер департаментінде қаралып жатыр.

"Іс жүргізу барысында алаяқтар оның құрылғысына қашықтан қолжеткізе алғаны және Қарағанды қаласының банктерінде бірқатар өтінім рәсімделгені анықталды. Содан кейін ол адамның сенімін асыра пайдаланып, ақша әртүрлі шоттарға аударылған. Қазір осы дерек бойынша жедел-тергеу іс-шарасы мен соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды", - деп мәлімдеді Қарағанды облысы ІІД киберқылмыспен күрес бөлімінің бастығы Арман Қайрақбаев.

Банктерде ақша қайда жіберілгенін анықтау мақсатында жұмыстар жүргізілетіні айтылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz