10 күн ішінде 760 келі есірткі анықталған: ІІМ ауқымды операция нәтижесін жариялады

Шілденің алғашқы онкүндігінде 121 келіден аса синтетикалық есірткі тәркіленді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, Астана қаласында полиция қызметкерлері елорданың 26 жастағы тұрғынын ұстаған. Жеке тінту және жалға алынған тұрғын үйді тексеру барысында одан салмағы 245 грамм болатын 227 орам а-PVP синтетикалық есірткіcі тәркіленген. Күдікті оны қала аумағында өткізбек болған.

"Шілденің бірінші онкүндігінде ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті барлығы 187 есірткі дерегін анықтаған. Оның ішінде 86 қылмыстық теріс қылық және 101 қылмыс бар. Он күн ішінде есірткіні сатудың 46, аса ірі мөлшерде сақтаудың төрт, құрамында есірткісі бар өсімдіктерді егудің 40 дерегінің жолы кесілді. Сондай-ақ, есірткі контрабандасының төрт дерегі тіркелді. Заңсыз айналымнан 266 келі прекурсор мен 760 келі есірткі, соның ішінде 121 келіден аса синтетикалық есірткі тәркіленді", - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!