- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 10 колледждің лицензиясы...
10 колледждің лицензиясы болмаған: 200-ден аса колледж аттестаттаудан өтпеді
Оқу-ағарту министрлігі Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті өкілдерінің мәліметінше, мемлекеттік аттестаттауға дайындық кезеңінде 219 колледж 624 мамандық бойынша 780 біліктілік лицензияларын қайтарды. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысында жекеменшік колледж жабылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері еліміздегі 519 колледжде мемлекеттік аттестаттау өтті. Аттестаттау нәтижесі бойынша Алматы, Астана, Қостанай, Маңғыстау, Атырау, Шығыс Қазақстан және Ұлытау, Абай облыстарының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жақсы көрсеткіштер байқалады. Дегенмен ел бойынша үш жүзден аса колледж аттестаттаудан өтпеді. Олардың басым көпшілігі Шымкент және Павлодар, Қызылорда облыстарында. Батыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Ақмола және Ақтөбе облыстарында да көрсеткіш төмен.
"Бақылау шаралары басталмас бұрын ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. Мемлекеттік аттестаттау техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы бірқатар проблеманы анықтап берді. Қазір Астана қаласы, Алматы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы тоғыз жекеменшік колледждің қолданыстағы лицензиясы мен білім беру қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияға қосымшаларды қайтару жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл колледждер білім беру қызметін жүргізбейді. Сондай-ақ, лицензияға қосымшасы болмаса да білім берген 10 колледж анықталды", - дейді комитет төрағасы Ернұр Дауенов.
Талдау қорытындысы бойынша жұмыс жоспарлары, оқу жоспарының пәндері мен модульдері бойынша оқу бағдарламалары, өндірістік оқыту мен кәсіптік тәжірибеден өту, мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттың талаптарына сәйкес келмейтін базалық, кәсіптік модульдерді оқыту бойынша бұзушылықтар анықталды. Уәкілетті органдарға техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқу жұмыс бағдарламалары мен жоспарларын әзірлеуде әдістемелік көмек көрсетуге қатысты ұсынымдар берілді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек