Тұрғын үй - еліміздегі өзекті мәселенің бірі. Әр шаршы метрдің құны шарықтап тұрған заманда жеке пәтер сатып алуды кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Үй алуға арналған түрлі ипотекалық бағдарламалар да бар. Тек бұл бағдарламаның да қыр-сырын білмесеңіз, 2-3 есе артық төлем жасауыңыз мүмкін. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі жылжымайтын мүлік бойынша сарапшы Қайрат Қожановпен ипотекаға пәтер алудың тиімді фишкалары туралы тілдесіп көрді.
Маманның айтуынша, пәтер алуға жететін жинағы жоқ адам үшін ипотекалық бағдарлама тиімді нұсқа. Десе де ол ипотекаға пәтер алу мәжбүрліктің белгісі екенін жасырмады.
"Ипотекаға үй алуды ерікті емес, еріксіз етістік деп айтуға болады. Яғни, адам өзі қалағанынан емес, нақтыға алуға ақшасы болмағандықтан, мәжбүрлі түрде алады. Ипотека сізде пәтердің толық сомасы болмаған жағдайда ғана тиімді. Үй салуға миллиондап несие алып, оның пайызын екі немесе үш еселеп қайтарғанға қарағанда ипотекаға алған әлдеқайда дұрыс", - деді сарапшы.
Қазіргі кезде Отбасы банкі арқылы үй алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалар тізімі көбейіп жатыр. Мысалы, көпшілікке белгілі "Нұрлы жер" (5-20-25), "Бақытты отбасы" (2-10-20), "Әскери баспана", "Жас отбасы", "Өз үйім", "Алатау жастары", "7-20-25", Елорда және Алматы жастары бағдарламалары бар.
Бұдан бөлек коммерциялық ипотекалық бағдарламалар да бар, яғни екінші деңгейлі банктер өз ипотекалық өнімдерін ұсынады. Олардың пайыздық мөлшерлемесі 13-23 пайыз арасында, ал жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемесі 14,1 пайыздан басталады.
Қайрат Қожанов ипотекалық бағдарламаны таңдау кезінде мән беру керек 3 нәрсені атады.
"Елімізде ипотекаға үй алуға мүмкіндік беретін 10-ға жуық бағдарлама бар. Бағдарламаны сіздің бастапқы жарнаңыз қанша екеніне, несие тарихына және үйдің қашан дайын болатынына байланысты таңдауға болады. Мысалы, қазір сіздің қолыңызда барлығы 4 миллион теңге бар және сіз пәтер жалдап тұрасыз. Бұл жағдайда сіз 20 миллион теңгенің дайын пәтерін ала аласыз деген сөз. Бірақ бұл бағдарламаның жылдық пайызы 18-19 пайыз, яғни көбірек болуы мүмкін. Ал көңіліңіздегі пәтердің 30 пайызын жинай алсаңыз, "Отбасы банк" арқылы жылдық пайыз 8-9-ға дейін түседі. Ипотекаға үй-пәтер алу кезіндегі ең маңыздысы - сіздің бастапқы жарнаңыз. Бастапқы жарнаңыз қаншалық аз болса, пәтер үшін артық төлем соншалық көп болады. Сондықтан бастапқы жарнаны көбірек жинауға тырысу керек", - дейді маман.
Сарапшы үйге ақшаны кім, қалай, қай банкте жинаған дұрыс екеніне қатысты кеңес берді. Оның сөзінше, баспана алуға қаражатты қолжетімді орында жинамаған абзал.
"Маған "үйде ақшаны кім жинауы керек? Ер адам ба, әйел ме?" деген сұрақ көп қойылады. Бірінші мәселе, ақшаға кім қатты, кім жинай алады, сол отбасы мүшесінің қолында болуы керек. Екінші мәселе, мен ақшаны банкке салып жинаған дұрыс деп санаймын. Өйткені, қазір банктердің депозитінен ақшаны алу өте оңай. Мысалы, дүкенге 20 мың теңгеге азық-түлік аламын деп жоспарлап бардыңыз, бірақ дүкенде 50 мың теңгенің затын көріп ұнатып қалсаңыз, бірнеше минуттың ішінде депозиттегі ақшаны шешіп, қалаған затыңызды сатып ала аласыз. Ал ақшаны "Отбасы банкте" жинасаңыз, ақшаны алу үшін арнайы бөлімшеге бару керек боласыз. Банкке жетемін дегенше сіздің қызуыңыз басылып, айнып қалуыңыз да мүмкін. Осы жайтты да ескерген жөн", - деп түсіндірді Қайрат Қожанов.
Маман сатып алатын пәтердің қандай болу керегін де түсіндірді.
"Алайда кейбір адамдар бірден 3 немесе 4 бөлмелі пәтер алғысы келеді, отбасыңызда адам саны аз болса, артық кеңістіктің сізге қажеті жоқ, оның өлі аймақ екеніне қарамастан сізге коммуналдық ақы төлеу міндеттеледі", - деді ол.
"Мысалы, сіз тым ескі 60 жыл бұрын салынған үй сатып алатын болсаңыз, 10 жылдан кейін оны ипотекаға сата алмайсыз қаласыз", - дейді маман.
Әңгіме соңында Қайрат Қожанов ипотекалық бағдарламаның тұтынушы үшін тиімді фишкаларын тізді.
"Пәтер алуға ақшаны қаншалық көп жинай алсаңыз, соншалық ұтасыз. Мысалы, сіз 50 пайызға дейін жинай алсаңыз, таңдауға нұсқа көбірек болады, саудаласқан кезде пайдасын тигізіп, пайызын аз қылып ала аласыз, артық төлемнің көп болмауына тікелей әсер етеді. Сондықтан бірінші орында пәтерді емес, ипотекаға алатын бағдарламаны дұрыс таңдау керек", - деп қорытындылады сарапшы.
Айта кетейік, бұған дейін ипотека аларда білу керек 10 қадамның қандай екені хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Сперматогенездің оогенезден негізгі айырмашылықтары неде?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!