- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "10 жыл күйеуінен...
"10 жыл күйеуінен қорлық көрген". Шетелдегі дипломаттардың психологиялық жағдайы тексерілетін болды
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстанның БАӘ-дегі еліміздің елшілігінде шыққан даудан кейін шетелдегі дипломаттардың психологиялық жағдайы тексерілетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Осыған дейін БАӘ-дегі қазақстандық дипломаттың әйелі 10 жыл бойы күйеуінен қорлық көргенін айтып, көмек сұраған еді.
Айбек Смадияров министрлік оқиға болған сәттен бастап істі ерекше бақылауға алғанын айтты.
"Карина Мамаштың зайыбы (Сәкен Мамаш) 6 мамырда елшіліктен дереу Қазақстанға қайтарылады деген тапсырма берілді. 9 мамырда елге келгеннен (Сәкен Мамаш) кейін заңға сәйкес оны қызметінен босаттық", - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, Сәкен Мамаш 15 жылдан аса уақыт дипломат болған. Астана полициясы бүгінде оны тергеп жатыр.
"Біз бұл қылмыстық іске араласа алмайтынымыз түсінікті. Бүгін Карина Мамашпен кездестім. Ол бүкіл мән-жайды айтып берді. Сыртқы істер министрлігі Каринаға барлық көмекті көрсетеді", - деді ол.
Айбек Смадияров СІМ аталған даудан соң шетелдегі қазақстандық дипломаттардың психологиялық жағдайын тексерілетінін де айтты.
"Жыл сайын шетелге шығар алдында министрлік қызметкерлері арнайы тестілеуден, түрлі комиссиядан, сондай-ақ психологиялық тексеруден өтеді. Мемлекеттік қызмет істер агенттімен бірлесе бұл жұмысты қолға алдық. Сондықтан барлық қызметкер психологиялық және эмоционалды тұрғыдан арнайы тестіден тағы да өтеді", - деді ресми өкіл.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Есен