"10 жыл күткен жүлде". Олимпиада медалін кешіктіріп алған қазақстандық спортшылар

"10 жыл күткен жүлде". Олимпиада медалін кешіктіріп алған қазақстандық спортшылар

Қазақстандық балуан Дәулет Шабанбай араға он жыл салып, Лондон Олимпиадасының жүлдесін иеленді. Қазақ спорты тарихында Олимпиада медалін ұзақ уақыттан кейін бірақ алған спортшымыз аз емес. Massaget.kz тілшісі жүлдесін кешіктіріп алған спортшыларымыз туралы баяндайды.

Дәулет Шабанбай

Балуан Дәулет Шабанбай 2012 жылы Лондондағы Олимпиада ойындарында еркін күрестен 120 келіге дейінгі салмақта бесінші орын алған. Сол кезде өзбекстандық Артур Таймазов алтын, грузин палуаны Давид Модзманашвили күміс жүлде иеленген еді. Бірақ 2019 жылы екеуінің де допинг-сынамаларын қайта тексеру кезінде тыйым салынған препарат табылған. 

Осылайша, Дәулет Шабанбай бесінші орыннан бірден үшінші орынға көтерілді. Таяуда оған Белградтағы әлем чемпионаты кезінде Олимпиаданың қола медалі табысталды. 

"Бәрі мені жеке құттықтағанына өте қуаныштымын. Біздің спортшылар чемпион болсын. Дайындалыңдар, жігіттер!", - деді Дәулет Шабанбай.


Фото: olympic.kz

Анна Нұрмұхамбетова

2012 жылы Лондонда бесінші орын алып, кейін медаль иеленген тағы бір спортшымыз - ауыратлет Анна Нұрмұхамбетова. Ол Лондон Олимпиадасында 69 келіге дейінгі салмақтағы жұлқа көтеруде ең ауыр зілтемірді бағындырып, оны үш төреші де есептеген. Сөйтіп, бірінші жаттығудан соң көш бастап тұруы керек еді. Алайда Беларусь бапкерлерінің бірі шу шығарып, Анна зілтемірді дұрыс көтермегенін айтқан. Артынша төрешілер ақылдасып, қазақстандық зілтеміршінің нәтижесін есептемей тастаған еді. Сөйтіп, Анна серпе көтеруде де есесін қайтара алмай, бесінші орын алып қалған еді. 


Фото: olympic.kz

2016 жылы қазанда әділет орнады. Себебі Лондонда үшінші және төртінші орынды Беларусь спортшылары иеленген. Марина Шкерманкова мен Дина Сазоновецтің қанынан допинг табылды да, екеуінің де Лондондағы нәтижесі жойылды. Осылайша, Анна Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері болып шыға келді. 

"Әрине, бұл әр спортшының өміріндегі маңызды оқиға. Бәрі бірден әділ өткені жақсы еді. Бірақ бірнеше жылдан кейін әділдік орнағанына қуаныштымын", - деген еді Анна Olympic.kz порталына. 

Денис Ұланов

Ауыратлет Денис Ұланов 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиадада 85 келіге дейінгі салмақта төртінші орын алып қалып, қатты өкінген. Себебі екі жаттығу қорытындысы бойынша ол 390 келіні еңсерген. Қола медаль алған румын Габриэль Сэнкрыян да дәл осындай келіні көтерген еді, тек Ұлановтан 200 граммға жеңілдеу болып, жүлдеді жұлып әкеткен болатын.


Фото: Данияр Майлыбаев©

Бірақ сол 2016 жылы Ұланов қола медалін иелене алды. Румын спортшысының қанында тестостерон деңгейі көп болып, допинг-сынақтан өте алмай қалған. Осылайша, 2016 жылы желтоқсанда Ұлановқа Рио Олимпиадасының қола жүлдесі берілді.

Ольга Рыпакова

Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден 2012 жылы Лондонда алтын, 2016 жылы Риода қола медаль иеленген. Барлық медальді жинау үшін күміс жүлде жетпей тұрған еді. Оған Бейжің Олимпиадасынан 10 жылдан кейін қол жеткізді.


Фото: Ізтұрған Алдауев©

Рыпакова 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында төртінші орын алған. 2017 жылы қола жүлдегер грекиялық Хрисопи Девецидің қанынан станозол табылып, бұл медаль Рыпаковаға бұйырайын деп тұрған. 

2018 жылы ресейлік Татьяна Лебедевадан да допинг табылды. Сондықтан оның күміс медалі Ольга Рыпаковаға табысталды. 


Фото: olympic.kz

Алла Важенина

Ресейде құрамаға іліге алмай, 2007 жылы Қазақстан құрамасы сапына ауысқан ауыратлет Алла Важенина Бейжің Олимпиадасында 85 келіге дейінгі салмақта күміс медаль жеңіп алған еді. 


Фото: people.cn

Сегіз жылдан кейін бұл көрсеткіші өзгерді. Сол кезде "алтын" алған қытайлық Цао Лэйден 2016 жылы допинг анықталды - ол бой гормонына қажет препараттар ішкен болып шықты. 

Осылайша, Алла Важенина сегіз жылдан кейін күмісін алтын жүлдеге ауыстырды. 


Фото: olympic.kz

Нұрбақыт Теңізбаев

Қазақстандық балуан Нұрбақыт Теңізбаев та Бейжің Олимпиадасындағы жүлдесін жаңартқан. 2008 жылы Бейжіңде Нұрбақыт 60 келіге дейінгі салмақта қола медаль иеленген еді. 


Фото topzhargan.kz сайтынан

Оны жартылай финалда жеңген әзербайжандық Виталий Рагимов финалда сүрінген болатын. Сегіз жылдан кейін Рагимовтің қанынан туринабол табылып, 2017 жылы ресми түрде жүлдесінен айырылған. 

Соның арқасында 2017 жылы Теңізбаевқа Бейжің Олимпиадасының күміс медалі берілді. Бір өкініштісі, допинг қолданған Рагимов болмағанда, Теңізбаев финалға шығып, алтын медальға таласа алар еді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш