Маңғыстау облысында 10 адамның өмірін қиған жол апаты болды. Дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жол апаты 11 қыркүйекте Бекет ата - Шопан ата тасжолында, Сенек ауылынан шамамен 90 шақырым жерде болған. Тoyota Hiace шағын автобусы жол жиегіне аударылып кеткен. Алдын ала ақпарат бойынша жүргізуші рөлге ие бола алмаған. Оқиға салдарынан 10 адам қаза тапқан.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, Жаңаөзен қалалық көпсалалы ауруханасына үш жолаушы жеткізілген.
"1964 жылы туған ер адам мен 1967 жылы туған әйел жансақтау бөліміне жатқызылды, олардың жағдайы ауыр. 1960 жылы туған әйел аурухананың травматология бөлімінде жатыр, жағдайы тұрақты ауыр", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында 10 адамның өмірін қиған жол апаты болғаны, ішкі істер министрінің тапсырмасымен жедел штаб құрылғаны хабарланды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова