Түркістан облыстық полиция департаментінің басшылығы жол апаты кезінде жолаушыларды құтқарған екі тұрғынды марапаттады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
17 шілдеде Ұланбел – Созақ – Шолаққорған – Екпінді тас жолының Шыбыт – Шаян елді мекенінің аралығында 3 көлік соқтығысып, ірі жол апаты болды. Салдарынан 10 адам мезгілсіз қаза тауып, 12 адам жарақат алды.
Өзгелердің өмірін арашалап қалған екі адамның арқасында қаза болғандар саны азайды. Сол күні апатқа ұшыраған көліктерің ішінде болған Мұрат Есенқабылов пен Бақытжан Көксубай қасындағы жүргізушілер мен жолаушыларды құтқарып қалған.
Олардың адам өмірін арашалаудағы батылдығы бен жанқиярлығын қоғам жоғары бағалады.
Түркістан облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Бағланбек Айтпаев өз басын қатерге тігіп, өзгеге жәрдем берген екі тұрғынды арнайы қабылдап, марапаттады. Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыстады.
Ірі жол апатын көзімен көріп, куәгер болғандар оқиғаның мән-жайына тоқталды. Сол сәтте тек зардап шеккен азаматтарға көмектесуді ойлағандарын айтты. Елімізде мұндай жол апаты болмауын тілеп, жүргізушілерден жол ережесін сақтауды өтінді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!