10-15 жылдан кейін қазақ мұнайына қандай қауіп төніп тұр?

10-15 жылдан кейін қазақ мұнайына қандай қауіп төніп тұр?
Фото: depositphotos.com

Мәжілістегі Үкімет сағатында мұнай кен орындары сарқылып жатқаны айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министр не дейді?

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, мұнай өндіру көлемін 30 пайызға дейін қамтамасыз ететін кен орындарының көпшілігі (Қарашығанақ, Қашаған және Қаламқас-Хазарды қоспағанда) өндіріс көлемі төмендеуіне байланысты игерудің кеш сатысында тұр.

"Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында мұнай өндіру айтарлықтай төмендегені байқалады. Кейінгі екі облыс мұнайдың негізгі бөлігін ішкі нарыққа жеткізетінін атап өткім келеді. 2040 жылға қарай ірі кен орындарын қоспағанда, кен орындарында мұнай өндірудің төмендеу үрдісі сақталады", - дейді министр.

Сәтқалиев мәселені шешу үшін кен орындарын қолдау шаралары әзірленгеніне сендірді.

Депутат Жаңбыршиннің мәлімдемесі

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин де алдағы жылдары қандай қауіп барын айтты. Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінде мемлекет есебінде 348 көмірсутек шикізаты кен орны бар. Сондай-ақ еліміздегі мұнай қорының жалпы көлемі 4,3 миллиард тонна болады.

"Көмірсутек шикізаты қорының 72 пайызы Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарының үлесінде. Алдағы 10-15 жылдан кейін осы үш ірі кәсіпорында мұнай-газды өндіру көлемі төмендейтіні анық. Оған қоса, игерудің кеш сатысындағы кен орындарында мұнай-газ өндіру тіпті азаяды, кейбірі жұмысын тоқтатады", - деді ол.

Еске салайық, бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баяндама жасап, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 88,4 миллион тонна деңгейіне жететінін айтты.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова