Қызылордада бұрынғы полиция қызметкері жүкті әйелін өлімші етіп ұрып тастаған. Әйелдің айтуынша, кейін ол жұмбақ жағдайда үшінші қабаттың терезесінен құлап кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Аруна Аманова мен оның бұрынғы күйеуі 2019 жылы шаңырақ көтерген. Былтыр қарашада ерлі-зайыптының арасында жанжал шығып, күйеуі Арунаны өлімші етіп ұрып тастаған. Арунаның есінде күйеуінің ұрып жатқаны ғана қалған, кейін ол терезеден құлап кеткенін білген. Оқиға салдарынан Аруна 1-топ мүгедегі болып қалған.
Арунаның айтуынша, бұрынғы күйеуі 2022 жылы 4 қарашада майор шенін алған. Сол күні түнде жанжал болған.
Бұл туралы Аруна әлеуметтік желіге видео жүктеп, көмек сұрады.
"Мен тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың кесірінен 1-топ мүгедегі болып қалдым. Жақында іс қысқартылды, тіпті сотқа да жеткен жоқ, сондықтан сіздерден көмек сұрауға мәжбүрмін. Бұл жағдай былтыр 4 қарашада болған. Менің бұрынғы жолдасым майор шенін алып, мас күйде үйге келеді. Сол кезде мен оның бір қызбен қонуға келіскенін оқып қоямын. Сол себепті екеуміздің арамызда ұрыс пайда болады. Ол мені бас салып ұрып-соғады. Ұрып-соққаны, қылғындырғаны есімде. Көзімді ашсам, үшінші қабаттан құлап, жерде жатырмын. Қалай құлағаным есімде жоқ. Менің терезеден құлағанымды суицид деп жатыр. Іс суицидпен тоқтап қалды. Олардың айтуынша, мен терезеден секіріп кетіппін, бірақ мен терезеден секіретіндей арқаммен құлағанмын. Аяқ-қолым сау, омыртқам сынып, қазір 1-топ мүгедегімін. Маған ауыр тиіп жатқаны - бұл істі суицид дегені. Өйткені мен суицид жасайтындай ішімде бала болды, одан бөлек тағы бір балам бар. Мен біреу үшін өмірімді қиятындай адам емеспін. Суицид жасағысы келген адам үшінші этаждан құлайды деп ойламаймын", - дейді Аруна видеода.
Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұл іске ерекше назар аударған еді. Ол полиция қызметкерін жұмыстан шеттету аз екенін, оған қатаң шара қабылдау керегін айтып, тапсырма берген еді.
"Былтыр қарашада әлеуметтік желіде полиция қызметкерінің жұбайы отбасындағы жанжалдан көпқабатты тұрғын үйдің үшінші қабатынан секіріп, азаматшаның мүгедек болып қалғаны туралы ақпарат тарап, қоғамда теріс резонанс тудырды. Полиция қызметкері бұл санаттағы қылмыстарды алдын алудың орнына, керісінше өз балаларының анасын мүгедек етті", - деген еді ол.
@egovpress #кызылорда #полиция #дебошир ♬ оригинальный звук - EGOV.PRESS
Аруна Аманова редакция тілшісіне істің дәлелдер мен айғақтардың жетіспегеніне байланысты қысқартылғанын растады.
Сондай-ақ, жәбірленушінің айтуынша, үйдегі бақылау камераларының жазбалары да жоғалып кеткен.
Қызылорда облысының полиция департаменті өкілдері бұл дерек бойынша 2022 жылғы 4 қарашада ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы (Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Қызылорда облысының полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасы жәбірленуші тараптың уәждерін мұқият тексеріп, барлық тиісті сот-медициналық сараптама тағайындап, тергеу әрекеттерін жүргізді. Оның қорытындысы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес тергеу амалдары жүргізілді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес қылмыстық құқықбұзушылық дәлелдемелерінің болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. Қаулының заңдылығы мен негізділігі Қызылорда облысының прокуратурасымен зерделеніп бекітілді. Сонымен қатар, сол кезде 2022 жылғы 18 қарашада болған оқиғаға байланысты полиция қызметкері ішкі істер органдарындағы қызметінен босатылды", - деп түсіндірді полиция департаменті өкілдері.
Редакция тілшісі бұл іске қатысты Қызылорда облыстық сотына сауал жолдады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!