1 шілдеден бастап Ресейге жұмыс істеуге немесе оқуға баратын қазақстандық азаматтар үшін қосымша талаптар енгізіледі. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
СІМ мәліметінше, 1 шілдеден бастап Ресейге жұмысқа немесе оқуға баратын Қазақстан азаматтарына ruID мобильді қосымшасын пайдалану қажет.
Белгіленген тәртіп бойынша шетел азаматтары қосымшада жеке парақша ашып, Ресейге кіру туралы электрон өтініш беруге тиіс. Бұл рәсімді мемлекеттік шекарадан өту жоспарланған уақыттан кемінде 72 сағат бұрын жасау қажет.
Өтінішті қарау қорытындысы бойынша қосымшада елге кіру құқығын растайтын жеке QR код беріледі.
"Бұл QR код өтініш берілген сәттен бастап 90 күн бойы жарамды болады", - деді СІМ өкілі.
Министрлік Қазақстан азаматтарына елге кірудің жаңа талаптарымен алдын ала танысып, Ресейге сапарын жоспарлау кезінде осы өзгерістерді ескеруді ұсынады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!