Жаңадан қабылданған Әлеуметтік кодекске сәйкес, 1 шілдеден бастап ел аумағында мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары қызметтеріне кіріседі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов мәлімдеді. Ол 20 сәуірде Әлеуметтік кодекс қабылданғанын еске салып, ондағы өзгерістерді атап өтті.
"Жаңа құжатқа сай, 1 шілдеден бастап мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары жұмыстарына кіріседі. Олар Кәсіпкерлік кодексте көрсетілгендей, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы бақылау функцияларын іске асыратын болады. Ол үшін тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері мен тексеру парақтары күшейтілді", - деді спикер.
Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, енгізілетін өзгерістер мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы қызметтер, әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша заңнама нормаларын сақтау бағытында уақтылы әрі жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Яғни, әлеуметтік саладағы мемлекеттің бақылауы күшейе түседі.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!