“1 шілдеде Қазақстан түбегейлі жаңа дәуірге қадам басады“ - Президент

“1 шілдеде Қазақстан түбегейлі жаңа дәуірге қадам басады“ - Президент
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы жаңа Конституция халқымыздың темірқазығы, әділетті қоғамның мызғымас тұғыры және орнықты дамудың берік кепілі екеніне назар аударды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін Президент БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі.

"Негізгі құжатта еліміздің Егемендігі мен Тәуелсіздігін қорғау, азаматтардың құқығы мен бостандығын мүлтіксіз сақтау, Заң мен Тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлік пен татулықты нығайту басты қағидаттар ретінде бекітілді. Конституцияда білім мен ғылымды, инновацияны және адам капиталын дамыту стратегиялық бағыт деп танылды. Сонымен қатар, халықтың әл-ауқатын арттыруға, жасампаз отаншылдық пен еңбексүйгіштік идеясын дәріптеуге, табиғатқа қамқорлықпен қарауға басымдық берілді. Бірнеше күннен соң, яғни 1 шілдеде Конституциямыз заңды күшіне енеді. Қазақстан түбегейлі жаңа дәуірге қадам басады. Конституция еліміздің саяси және идеологиялық арқауы ретінде ұзақ жыл бойы халық игілігіне қызмет етеріне сенемін", - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Қазақстанның дамыған және озық ел болғаны өзімізге ғана керек.

"Біздің басқа еліміз жоқ. Сондықтан қазіргі және келер ұрпақтың алдында аса маңызды міндет тұр. Бұл – Отанымызды өнегелі мемлекетке айналдыру. Немерелеріміз кейбір олқылықтарымызды, қателерімізді кешіруі мүмкін. Себебі әр жұмыс, әр еңбек қатесіз болмайды. Бірақ Егемендігімізге зиян келтіріп, Тәуелсіздігімізді қорғай алмасақ, олар бізді ешқашан кешірмейді. Өйткені Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қастерлі құндылық. Ал Тәуелсіздікті сақтап, елімізді одан әрі дамыту үшін ең алдымен қоғамымызда татулық пен тұрақтылық болуы қажет. Онсыз ештеңе болмайтыны айдан анық. Мемлекетіміздің тұғыры – әділеттілік. Бұл ұғымның масылдыққа, селқостыққа ешқандай қатысы жоқ. Керісінше әділеттілік – еңбекқорлық ұғымына жақын түсінік", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget