- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 1 сәуірден бастап...
1 сәуірден бастап бәрін цифрлық ақшаға мәжбүрлеп ауыстыратыны рас па?
Әлеуметтік желі қолданушылары сәуірден бастап барлығын цифрлық ақшаға мәжбүрлеп ауыстыратыны туралы видеоны қызу талқылап жатыр. Осылайша Орталық банк адамдардың бүкіл шоттарын, транзакцияларды толықтай бақылап, оларды өз еркіне бағындыра алады екен. Бұл - жалған, дейді stopfake.kz, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Таралған роликте назар аударарлық бірінші нәрсе – бұл мерзім. Автор жылын атамайды, демек, қай жылдың 1 сәуірі екені белгісіз. Бұл жағдайдың 2023 жылы болмағаны анық. Ал 2024 жылы бола ма? Мұны портал авторлары анықтап көрді.
"Цифрлық ақшаға келсек, автор Ұлттық банктің цифрлық валютасы жайлы айтып отыр. Бұл – белгілі бір елдің орталық банкі шығаратын, ресми мемлекеттік валютаның бағамына тең және онымен тең пайдаланылатын цифрлық ақша түрі. Қазақстанда бұл – цифрлық теңге. Елімізде оны енгізу жобасы 2021 жылы басталды. 2023 жылдың соңына қарай азаматтардың кейбір санаттары цифрлық теңгені пайдалана алады деп жоспарланған. Атап айтқанда, осы валютада пилоттық жобаға қатысатын мемлекеттік органдарда мемлекеттік сатып алуларға қатысу бойынша төлемдер мен әлеуметтік жәрдемақылар төлеу көзделген", - дейді авторлар.
Алайда, бұл цифрлық ақшаға жаппай және мәжбүрлі түрде ауысудың белгісі емес.
"Цифрлық теңге қолма-қол ақшамен, монеталармен және банкноттармен, сондай-ақ банктік шоттардағы қолма-қол ақшасыз ақшамен қатар ұлттық валютаның үшінші нысанға айналмақ. Сонымен қатар цифрлық теңгені қолма-қол ақшаға немесе қолма-қол ақшасыз ақшаға айырбастау оңай болады. Ал цифрлық теңгедегі шоттарға пайыздық сыйақы төленеді".
Цифрлық валютадағы барлық шоттар Орталық банктің бақылауында, ал әрбір транзакция қадағаланады деген пікірлер жалған. ҚР Ұлттық банкінің сайтында цифрлық валютадағы төлемдер ҚР заңнамасына сәйкес төлем қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі барлық нормаларға сәйкес келетіні айтылған.
"Демек, таралған ақпарат жалған. Қазақстанда цифрлық ақшаға жаппай мәжбүрлі түрде көшу қарастырылмаған", - деп қорытындылады портал авторлары.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Д. Шәріпхан