Елімізде 1 мыңнан аса ауыл ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша халықты сумен қамтамасыз ету қалаларда - 98,9 пайыз, ал ауылдарда - 96,6 пайыз. 9 өңірде қала тұрғындары сумен 100 пайыз қамтылған. Ең төменгі көрсеткіш - Абай және Павлодар облыстарында.
"Республикадағы 89 қаланың 65-і толық сумен қамтылды. Жыл соңына дейін Шымкент, Державинск, Шемонаиха, Екібастұз және Шардара қалалары толық сумен қамтамасыз етіледі. 2025 жылы 19 қаланың тұрғындарын 100 пайыз қамтамасыз ету жоспарланып отыр", - деді Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында.
Сондай-ақ министр ауыл халқын сумен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. 1 мыңнан аса ауылда сумен қамтамасыз ету мәселесі бар.
"Бүгінде 6 256 ауылдың 5 130-ы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қалған 1 126 ауылды 2025 жылдың соңына дейін қамтамасыз ету қажет. Оның ішінде 316 ауылды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету көзделген", - деді ведомство басшысы.
Биыл 385 ауылды сумен қамтамасыз ету жоспарда бар.
"Оның ішінде 135 ауылды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету, 250 ауылда кешенді блок-модуль орнату жоспарланған. Бүгінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан 171 кешенді блок-модуль орнатуға қаражат қарастырылған. Ал Батыс Қазақстан, Ақмола, Ұлытау, Атырау, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл және Абай облыстарындағы 79 ауылға жақын арада жергілікті бюджеттен қаражат бөлу қажет. Бүгінде 65 ауылды орталықтандырылған сумен қамтамасыз етудің жобалық-сметалық мқұжаттамалары әзірленіп жатыр", - деді Қанат Шарлапаев.
Министр қалалар мен ауылдарды сумен қамтамасыз ету үшін бюджеттен қомақты қаржы қарастырылғанын жеткізді.
"2024 жылы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің құрылысы мен реконструкциясына республикалық бюджеттен 324 жобаны іске асыруға 218 миллард теңге көзделді. Оның 106 миллиард теңгесі қалаларға және 112 млрд теңгесі ауылдарға бағытталады.
Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде 2024 жылдың соңына дейін қала тұрғындарының 99,5 пайыз және ауыл тұрғындарының 97,8 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр", - деді ведомство басшысы.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!