- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "1 млн теңге...
"1 млн теңге төлеген". Алматы облысының шаруаларына суды қымбатқа сатқан кооперативтер анықталды
Алматы облысының фермерлері егін алқаптарын суғаруға артық ақша жұмсап келген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Еңбекшіқазақ ауданының шаруалары суармалы су тарифтерінің жылда көтерілуіне арыз-шығым айтатын. Осы жылдың басында бұл мәселені Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті қолға алды. Мекеме өңірдің ирригациялық желілері қызметіне мониторинг жүргізіп, тарифтің негізсіз қымбаттауын анықтады.
Жеке шаруа Арслан Манапов жылда 3 гектар жерге жоңышқа егеді. Су мол керек. Бұған дейін суды ауылшаруашылық кооперативінен алған. Ақшаны артық төлеген. Мәселен, ауыл іргесіндегі Қорам каналы тазаланбайтын. Алқапқа жеткенше судың жартысы жерге сіңіп, ысырап болатын. Биыл фермер кооперативке тәуелді болмайды. Енді суды еш кедергісіз Үлкен Алматы каналы мекемесінен алады.
"Бізге су Қорам каналы арқылы келеді. Ол 3-4 шақырымнан жеткенше жерге сіңіп, ысырап болады. Сол шығынды шаруа қожалықтары өздері төлейтін. Енді қазір бізге су өлшегіштерін қойып беріп жатыр. Алқап басынан алған судың көлемін төлейтін боламыз" дейді шаруа.
2015 жылдан бастап өңірде 24 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істеген. Олар суды Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналынан 1 текше метр үшін 78 тиыннан алып, шаруаларға бір гектар жер үшін 20 000 – 28 000 теңгеден сатқан. Яғни, бағаны 3-4 есеге көтерген. Осылайша монополист рөлін атқарған.
"Кейбір шаруа қожалықтарының 60 гектар жерді суарғаны үшін 1 млн теңгеден астам ақша төлегені белгілі болды. Қазір кооперативтердің жұмысы тоқтатылды" деді облыстық антикор басшысы Серік Орымбетов.
Үлкен Алматы каналымен қазір шаруа қожалықтары тікелей келісімшартқа отырды. Судың бағасы арзандады. Су бағасын негізсіз көтеріп, қымбатқа сатқан кооперативтердің іс-әрекетін облыстық прокуратура тексереді.
Саламат Сабыр
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы