"1 млн теңге несие алған". Шымкентте үй иесі бала күтушінің аңғалдығын пайдаланып кеткен

"1 млн теңге несие алған". Шымкентте үй иесі бала күтушінің аңғалдығын пайдаланып кеткен
Фото: polisia.kz

Шымкентте үй иесі бала күтушінің аңғалдығын пайдаланып кетіп, 1 млн теңге несие алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Түркістан облысының 57 жастағы тұрғынының айтуынша, 2022 жылғы шілдеде Шымкентте ауқатты тұратын отбасында бала күтушісі болып қызмет еткен. Сол кезде сол отбасының мүшесі оның телефонын алып, банк қосымшасы арқылы 1 млн теңге көлемінде несие алған. Әйел өз атынан өзге біреудің несие алғанын біліп, жедел түрде полицияға жүгінген.

"Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) тіркеп, жедел-іздестіру шараларына кірісті. Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде күдікті бір тәулік ішінде қала аумағынан қолға түсті. Ол Шымкент қаласының 26 жастағы тұрғыны болып шықты. Күдікті уақытша жұмыссыз", - деп хабарлады polisia.kz.

Тергеу барысында ұсталған азаматша бала күтушінің аңғалдығын пайдаланғанын мойындап, заңсыз әрекетке қарыздарынан құтылу үшін барғанын және бұл үшін өкінетінін айтқан. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан