- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "1 миллионнан аса"....
"1 миллионнан аса". Қазақстанда жасанды ұрықтандыру қанша тұрады?
Қазақстанда жасанды ұрықтандыру сапалы әрі арзан саналады. Бұл шетелдіктерді де қызықтырады, - деп хабарлайды Energyprom.kz.
Қазақстандық репродуктив медицина қауымдастығының сарапшыларының бағалауы бойынша елдегі әрбір алтыншы жұп бала сүйе алмайды. 45 пайыз жағдайда бұл науқастар диагнозды жеңіп, дүниеге бала әкеле алады, бірақ тек жасанды ұрықтандыру технологиялары арқылы.
25 жыл бұрын алғашқы репродукция орталығы қалыптасқан. Осы жылдар ішінде көп нәрсе өзгерген: жаңа технологиялар пайда болды, эмбриология мен генетикаға арналған заманауи жабдықтар сатып алынды. 25 мыңнан аса бала осы әдіспен дүниеге келді. Тіпті осы әдіспен дүниеге келген алғашқы қазақстандық қыз Алеся Ли Шиннің өзі де ана атанған.
Алайда қазір бала сүйе алмайтын көптеген жұп үшін ана мен әке болу жолындағы ең маңызды кедергі - қаржы мәселесі. Ерлі-зайыпты квота алмаған болса, өз қалталарынан шығаруға мәжбүр болады. Сарапшылар Қазақстандағы он ірі клиникадағы репродуктив технология қызметінің бағасын салыстырып, барлық қосымша факторды бағалап көрген.
Ірі қазақстандық клиникаларда жасанды ұрықтанудырудың бастапқы стандарт хаттамасының орташа бағасы 450 мыңнан 500 мың теңгеге дейін болады. Бұл сомаға эмбриондарды криоконсервациялау және жібіту, ер адам белсіз болса ICSI (ICSI - Intra Cytoplasmic Sperm Injection, интрацитоплазмалық сперматозоид инъекциясы) әдісімен ұрықтандыру сияқты медициналық қызметтер кірмейді және бұған қосымша ақы төленеді. Бұл қосымша тағы 400-500 мың теңге болады.
Шығынның тағы бір бөлігі - дәрі-дәрмектер. Алматы репродуктив медицина институты дәрігерлерінің шамамен есептеуі бойынша әйелге арналған медициналық препараттарға қосымша 50 мыңнан 500 мың теңгеге дейін жұмсалуы мүмкін. Гормонды ынталандыру көлемі мен дәрі-дәрмектердің саны диагнозға байланысты болады. Сонымен қатар, ерлі-зайыпты өз есебінен сынама тапсыруы керек. Бұл шамамен 150 мың теңге болады. Осылайша, хаттама басталар алдында науқастарда болуы керек ең көп сома - 1 миллион 65 мың теңге.
Жасанды ұрықтандыру әдісіне шешім қабылдаған әрбір үшінші жұп бұл соманы тағы екі немесе тіпті үшке көбейтуі керек, өйткені жасанды ұрықтандыру арқылы бала көтеру нәтижесі бірден сәтті бола бермейді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша елдегі жасанды ұрықтандыру бағдарламаларының тиімділігі орташа есеппен 42 пайыз болады. Жүктілікке шыдау және бала туу - денсаулығы нашар әйелдер үшін қиын іс. Қазақстанда салынған эмбриондар санынан туған балалардың үлесі 32 пайызға тең. Әрбір үшінші жасанды ұрықтандыру әдісінің нәтижесі босанумен аяқталады.
Кейінгі жылдары отандық репродуктологтар медицина саласындағы туризм дамығанын айтып жүр. Қазақстандық клиникаларға басқа мемлекеттерден - Орталық Азия, Германия, Қытай, АҚШ, Түркиядан адамдар жиі келе бастаған. Бұл бір жағынан Қазақстанда жасанды ұрықтандыру бағдарламаларының тиімділігі дамыған елдердегідей жоғары болуына, екінші жағынан емдеу құны соншалық қымбат емес екеніне байланысты.
Қазақстандық екі жасанды ұрықтандыру орталығында шетелдік науқастарға арналған жеке баға парақшасы бар екен. Таяу шетел азаматтары үшін стандарт хаттама 505-564 мың теңге болады, бұл қазақстандықтарға қарағанда 11-20 пайызға қымбат. Ал алыс елдерден келушілер үшін 750-846 мың теңге болады, бұл ҚР тұрғындарына қарағанда 65-80 пайызға қымбат.
Қазақстанда стандарт жасанды ұрықтандыру құны орта есеппен 1 мың долларға тең болса, Израиль клиникасында бұл қызмет 5,3 мың доллар тұрады. Германияның немесе Ұлыбританияның танымал клиникаларында бұған 8 мың доллардан аса ақша төлеу қажет. АҚШ-та 9,5 мың доллар тұрады. Бұл тұста медициналық процедуралар мен гормоналды препараттарға қосымша шығынды ескеру қажет. Сонымен қатар, шығынның тағы бір маңызды бөлігі делдалдардың, аудармашылардың, аударымдардың және т.б. қызмет құнын төлеуге кетуі мүмкін.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова