- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "1 миллион 600...
"1 миллион 600 мың". Алматыда қонақүйде бір күн демалу қаншаға шығады?
Қазір қандай да бір мерекені қонақүйде тойлау трендке айналып жатыр. Әдетте мұндай демалыс түріне әр нәрсені егжей-тегжейлі жоспарлаудың қажеті жоқ. Мұнда бәрі - СПА, мейрамхана, массаж бар. Massaget.kz тілшісі мұндай демалыс үшін Алматы қонақүйлерінде бір күнге кететін шығынды есептеп көрді.
Танымал блогерлер Арман Юсупов пен Карина Оксукпаева биылғы жаңа жылды отбасымен қонақүйде қарсы алды. Арман Юсупов бұған дейін де айына бірнеше рет қонақүйде демалып тұратынын айтқан.
Қазір шетелге саяхаттауға уақыты тапшы не қаржысы жеткіліксіз адамдарға демалыстың осындай түрін таңдауға болады. Мұнда қарбалас өмірден бір сәтке арылып, СПА, массажға барып, миды тынықтыруға болады.
Ritz-Carlton
Алматы орталығында орналасқан Ritz-Carlton қаладағы ең қымбат қонақүй саналады. Мұнда демалыс күнді өткізу үшін кем дегенде жарты миллион теңге керек. Мысалы екі адамға арналған "Люкс гранд" бөлмесі 672 мың теңгеге шығады. Оған таңғы ас, кең бөлме кіреді, ал бұл бөлмелерден тауға көрініс ашылады. Ең арзан бөлменің құны - 178 мың теңге. Өкінішке қарай, бұл қаржыға таңғы ас кірмейді, және бөлме терезесі тауға қарамауы мүмкін.
Бұл сәнді 5 жұлдызды қонақүй Алатау тауларының етегінде орналасқан. Онда спа, жабық бассейн, фитнес орталығы мен хамам бар.
Сондай-ақ, қонақүйде бірнеше мейрамхана бар. SEVEN Bar & Restaurant, Sky Lobby Lounge-да тағамның түр-түрі ұсынылады. Ал 31-қабаттағы Vista мейрамханасында қала алақандағыдай көрінеді.
Rixos Almaty
Бұл сәнді 5 жұлдызды қонақүй Алматы орталығында орналасқан. Rixos Almaty-да СПА, арнайы спорт зал, сауна, түрік моншасы, жабық бақ пен 7 массаж бөлмесі бар.
Қонақүй мейрамханаларында халықаралық а ла-карт және швед үстелі тағамдары ұсынылады. Лобби-бар мен демалыс бөлмесі тәулік бойы жұмыс істейді.
Бұл қонақүйдегі ең арзан бөлме - 105 мың теңге. Ал ең қымбат бөлме 320 мың теңге. Бұл бағаға таңғы ас, кең бөлме мен арнайы бар кіреді.
InterContinental Almaty
11 қабатты тамаша қонақүй Алматыдағы Республика алаңында Президент сарайына қарама-қарсы орналасқан. Қонақүйден Тянь-Шань таулары көрінеді.
Мұнда жабық бассейн, түрік моншасы және массаж бөлмелері бар Ankara СПА орталығы, толық жабдықталған спорт зал және теннис корты бар.
Қонақүйде екі адамға арналған бір бөлменің бағасы - 112 мың, ал ең қымбат бөлме - 700 мың теңге. Басты айырмашылығы - таңғы ас. Сондай-ақ, ең қымбат "Паша" президент люксіне 5 адам сыяды.
Novotel Almaty City Center
Novotel Almaty City Centre Республика сарайының маңында орналасқан. Бұл қонақүйдің ерекшелігі - террассалар. Бұдан басқа, мұнда фитнес орталығы, жабық бассейн мен сауна бар.
Қонақүй мейрамханасында континенталь, америкалық, италиялық, француз және швед үстелі таңғы асы ұсынылады. Сондай-ақ, қонақтар вегетариандық және лактозасы жоқ тағамдарға да тапсырыс бере алады.
Төменгі қабатта орналасқан арзан бөлмелер 76 мыңнан басталса, жоғары қабаттағы люкс бөлмелер - 100 мың теңге.
Swissôtel Wellness Resort Alatau Almaty
Қала орталығынан гөрі таулы аймаққа барып демалғыңыз келсе, Swissôtel Wellness Alatau Almaty Resort қонақүйі таптырмас демалыс орны.
Мұнда қонақтар үшін сауна мен арнайы ыстық ваннасы бар сауықтыру орталығы, арнайы бақшада салынған. Сондай-ақ, жұмысбасты қонақтарға да көңіл бөлінген. Оларға арналған бизнес-орталық пен снак-бар бар.
Бұл топтамадағы ең қымбат бөлме осы қонақүйге тиесілі. King-size төсек орны бар бөлме 1 миллион 603 мың теңге тұрса, қарапайым бөлме 75 мыңнан басталды.
DoubleTree by Hilton Almaty
Doubletree by Hilton Almaty да қала орталығында орналасқан. Мұнда мейрамхана, тәулік бойы жұмыс істейтін офис және тегін Wi-Fi бар. Одан басқа жабық бассейн, саунасы бар СПА және сауықтыру орталығы бар.
Бұл қонақүйдегі қарапайым бөлме 74 мыңнан басталып, 154 мың теңгеге дейін жетеді.
Қазақстан қонақүйі
Алматы орталығындағы 25 қабатты, қаланың маңызды сәулет өнері саналатын ғимаратта екі адамға арналған бір бөлме 60 мыңнан басталып, 200 мың теңгеге дейін жетеді.
Қонақүйдің ең жоғарғы бөлмелерінен Алматы мен Алатау таулары көрінеді. 4 жұлдызды қонақүйінде классика стиліндегі мейрамхана жеткілікті.
Қонақтар қонақүйдің 26-қабатында орналасқан BarFly мейрамханасынан панорамалық көріністі тамашалай алады.
Алматы қонақүйі
Қаланың сәулет ғимараты саналатын тағы бір қонақүйі - Алматы. Мұнда мейрамхана, сауна және массаж бөлмелері бар. Қабылдау үстелі тәулік бойы жұмыс істейді.
Grand Zina мейрамханасында еуропалық, итальялық және жапондық тағамдар ұсынылады.
Мұнда бір күнге екі адамға арналған ең қымбат бөлме 90 мың болса, ең арзан бөлме - 55 мың теңге.
Ramada by Wyndham Almaty
Ramada by Wyndham Almaty қонақүйінде де сауна мен жабық бассейні бар СПА, сауықтыру және фитнес орталығы бар.
Кейбір қымбат бөлмелерде Executive Lounge (арнайы таңғы ас пен сусындар - еск.) де бар. Қонақүй мейрамханасында түрік, италья, үнді және фьюжн тағамдары ұсынылады.
Мұндағы бір түнге ең қымбат бөлме 60 мың теңге болса, ең арзан бөлме - 40 мың теңге.
Суреттер: booking.com сайтынан
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек