1 маусымнан бастап қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр?

Маусымда Қазақстанда бірқатар өзгеріс болады. Massaget.kz тілшісі жаздың бірінші айында қандай жаңалықтар болатынына шолу жасады.

Алматыда ҮААЖ ашылады

Маусымда Үлкен Алматы айналма автожолы бойынша қозғалыс ашылады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті хабарлады.

gov.kz

Алакөлде шомылу маусымы ашылады

Биыл Алакөлде шомылу маусымы 5 маусымда басталады. Бұл ақпаратты жергілікті билік өкілдері айтты. Қазір қонақүй иелері туристерді қабылдауға дайындалып жатыр. Қазақстандықтардың сүйікті орындарының біріне көлікпен немесе ұшақпен жетуге болады.

© instagram/nurshaty_m

Алматыда бір көшені ұзарту жоспарланып отыр

Алматы билігі Әйтеке би көшесін ұзартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесуде қала әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді. Мегаполис басшысының айтуынша, жұмыстар маусымда басталады.

uganka.ru

Энергия өндірушілерге шекті тариф өзгереді

Энергетика министрлігі энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерін жоспарлы өзгертуге қатысты пікір білдірген еді. Бұл өзгеріс 2023 жылғы 1 маусымнан бастап күшіне енеді деп күтіліп отыр. Ведомство мәліметінше, 27 энергия өндіруші ұйым шекті тарифтерді түзетуге өтінім берген.

Балабақша бағасы өседі

Маусымнан бастап Астанадағы мемлекеттік балабақшаларда тамақтану бағасы өседі. 

Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Елорда әкімдігінің қаулысы бойынша мектепке дейiнгi мемлекеттік білім беру ұйымдарында төлемақы мына мөлшерге өседі:

  • жалпы білім беретін мектепке дейінгі ұйымдар үшін - 41 718 теңгеден 46 189 теңгеге дейін;
  • балалардың толық күндік шағын орталығы - 31 995 теңгеден 46 189 теңгеге дейін;
  • арнайы мектепке дейінгі ұйымдар, жалпы білім беретін мектепке дейінгі ұйымдардағы арнайы және инклюзивті топтар үшін - 91 118 теңгеден 102 665 теңгеге дейін;
  • мектепке дейінгі санаторлық ұйымдар үшін - 62 040 теңгеден 89 204 теңгеге дейін;
  • балалардың толық емес күндік топтары үшін - 18 066 теңгеден 20 202 теңгеге дейін;
  • мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда тамақтанғаны үшін ақы төлеу - 16 800 теңгеден 20 800 теңгеге дейін.

Мектепте өзгеріссіз емес

Биыл соңғы қоңырау шарасы 1 маусымда болады. Одан кейін түлектер ҰБТ, оқушылар емтихан тапсырады. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2023 жылы 3,7 миллион оқушы мектеп бітіретінін айтқан еді.

"Биыл Қазақстан мектептерінде 3,7 миллион аса оқушы оқу жылын аяқтайды. 11-сыныпты - 172 мың түлек бітіреді, оның ішінде 6,8 мың түлек "Алтын белгіге" үміткер", - деді министр Үкімет отырысында.

Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Оқу жылының аяқталуы бойынша салтанатты шараны 1 маусымда - Балаларды қорғау күнін мерекелеу шеңберінде өткізу жоспарланған. Аттестаттарды салтанатты табыстау 20-22 маусым аралығында өтеді. Сондай-ақ, қорытынды емтихандар 9-сыныптарда 4 пәннен 2-13 маусым аралығында, ал 11-сынып түлектері үшін 5 пәннен емтихан 5-19 маусым аралығында өтеді.

Қазақстандықтар маусымда қанша күн демалады?

Биыл маусымда бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар 26, 27 маусым жұмыс істеп, 28 маусым демалады, 29, 30 маусым қайта жұмыс істейді.

pixabay

Алты күн жұмыс істейтіндер үшін 26, 27 маусым жұмыс күні болса, 28 маусым демалып, 29, 30 маусым және 1 шілде қайта жұмыс істейді.

Жазғы демалысқа қарызсыз қалай ақша жинауға болады?

Айта кетейік, бұған дейін аз ақшамен саяхаттауға болатын елдер тізімі жарияланған еді. Сондай-ақ, ел ішінде арзан бағаға демалуға болатын жерлер тізімін мына жерден таба аласыздар.

Маусымда құрғақшылық бойынша қандай болжам жасалды?

Қазгидромет синоптиктері маусымдағы құрғақшылық бойынша алдын ала болжам жариялаған еді. Соған сәйкес, маусымда Қазақстанның басым аумағында ылғал шегі нормаға жақын болады деп күтіліп отыр.

"Сонымен қатар, ауа температурасы жоғарылауына байланысты ылғалданған аумақтардың ауданы қысқарады, ал ылғал тапшылығы бар аумақтар ұлғаяды", - деді синоптиктер.

elements.envato.com

Орташа құрғақшылық мына өңірлерде болады:

  • Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында;
  • Қостанай облысы Амангелді және Жангелді аудандарында;
  • Қызылорда облысы Қармақшы ауданында.

МӘМС және медициналық көмек алу бойынша ақпарат қолжетімді бола түседі

1 маусымнан бастап МӘМС және медициналық көмек алу бойынша ақпараттарды 1414 нөмірі арқылы білуге болады.

1414 операторлары азаматтарға МӘМС-ке жататын қызмет түрі, тегін стоматологиялық ем алу мәселелері, сондай-ақ, тегін медициналық көмек қызметтері бойынша кеңес береді. Одан бөлек, қазақстандықтар медициналық ұйымға 1414 желісі арқылы шағымдана алады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!