- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 1 мамырда жаңа...
1 мамырда жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев биыл 1 мамырда президенттің тапсырмасы бойынша жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама іске қосылатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, бағдарламаны "Отбасы банкі" қаржыландырады.
"Бүгінде бұл бағдарламаны іске асыру үшін "Отбасы банкі" 300 млрд теңге тартып жатыр. (Жаңа ипотекалық бағдарлама) халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған және оның мөлшерлемесі 7%-дан аспайды.
2024 жылғы 1 мамырда біз бағдарламаның толық шартын жариялап, іске қосамыз. Оны іске қосу үшін нарықтан қаржы тарту керек. Ол біраз уақытты талап етеді", - деді министр Үкіметтің баспасөз мәслихатында.
Қанат Шарлапаев бағдарлама іске қосылар алдында министрлік пен "Отбасы банкінің" қызметкерлері арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастыратынын, онда бағдарламаның шартын түсіндірілетінін атап өтті.
Еске салайық, биыл 15 наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысын Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуметтік осал тобына арналған тағы бір жеңілдетілген ипотеканы іске қосуға тапсырма берген еді.
"Ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сондай-ақ сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын. Жеңілдетілген жаңа ипотеканың енгізілуі және жалға берілетін тұрғын үйдің көптеп салынуы құрылыс қарқынын арттырады. Құрылыс саласында жүз мыңдаған отандасымыз адал еңбек етіп жүр. Ең бастысы, бұл бағдарлама баспанаға мұқтаж көптеген адамның үй алуына жол ашады", – деген еді президент.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz