1 қыркүйектен бастап оқушылар үшін не өзгереді?

1 қыркүйектен бастап оқушылар үшін не өзгереді?
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

1 қыркүйектен бастап 2-4-сынып оқушылары жаңа тәсілмен бағаланады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігі бастауыш сыныптардағы бағалау тәсілін қайта қараған. Бұған ата-аналардың өтініштері, педагогтердің ұсыныстары, практикалық тәжірибесі, білім алушылардың оқу жетістіктерін тексеру нәтижелері, сондай-ақ, отандық және халықаралық зерттеулердің қорытындылары негіз болған. Бұл туралы оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында мәлімдеді.

Оның айтуынша, критериалды бағалау жүйесі сақталады. Осыған сәйкес 1 қыркүйектен бастап 2-4-сыныптарда бағалаудың жаңартылған тәсілдері енгізіледі.

"Бірінші сыныпта баға қойылмайды. Жаңартылған тәртіпте формативтік бағалау сақталып, оның рөлі күшейеді. Ал оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесін анықтау үшін аралық бағалау енгізіледі. Ең алдымен формативтік бағалаудың тоқсандық бағадағы үлесі артады. Формативтік бағалау бұрынғыдай 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша жүргізіледі. Тек балл қою тәсілі нақтыланады", - деді ол баспасөз конференциясында.

Педагог-шебер Жанар Жақсылықованың айтуынша, бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ жойылып, әр бөлім аяқталғаннан кейін аралық бағалау жүргізіледі.

"Баға оқушының бір тапсырмасының нәтижесін емес, бүкіл сабақ барысындағы жұмысын көрсетуі керек. Яғни бұл сұрақтарға жауап беру, өздік жұмыс, жұптық, топтық жұмыс, үй тапсырмасы және тағы басқалары болуы мүмкін", - деп түйіндеді ол.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget