- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 1 қыркүйекте Алматыда...
1 қыркүйекте Алматыда арзан гүлдерді қайдан алуға болады?
1 қыркүйек Білім күнінің қарсаңында оқушылар мен ата-аналар гүл алып, ұстаздарын қуантуға асығады. Осы орай Massaget.kz тілшісі Алматыдағы Түрксіб базарына барып, биылғы гүлдердің бағасына шолу жасап қайтты.
Біз барған кезде базарда адам қарасы көп болмады. Сатушылардың айтуынша, халық 30-31 тамызда бұл жерге көптеп ағылады. Әзірше саудагерлер арасында қызу дайындық жүріп жатыр.
"Гүлдердің бағасы жыл сайын қымбаттайды"
Бірнеше жылдан бері гүл сатумен айналысатын Жания негізінен көтерме бағамен тапсырыс қабылдайтынын айтты. Дегенмен биыл гүлдің бағасы қымбаттағанын да тілге тиек етті.
"Гүл саласында жұмыс істеп келе жатқаныма 8 жыл болды. Біз түнгі 2-де ашыламыз, кешкі 18:00-де жабыламыз. 1 қыркүйекке негізінен гладиолус және астра гүлін алады. Гладиолус 600 теңгеден, ал астралардың бір бумасы 2500 теңгеден басталады. Көлеміне қарай бағасы да өсе береді. Жыл сайын гүлдердің бағасы өзгеріп отырады. Мәселен, былтыр астраларды 1500-2000 теңгеден сатсақ, биыл ең арзаны 2500 теңге болып отыр. Әр жыл сайын солай қымбаттай береді. Ал гладиолус әрі кетсе 200-300 теңгеге ғана қымбаттайтын болар", - деді дүкен иесі.
Сондай-ақ ол бұл базарда таңғы 5-те арзан бағада сатылатын гүлдер туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты.
"Әлеуметтік желіде "таңғы 5-тен 8-ге дейін гүлдер 500 теңгеден сатылады" деген видео жүр. Бұл шындыққа жанаспайды. Блогерлер қаралым көбейту үшін солай халықты алдайды. Халық келіп, бізден сондай арзан бағаны талап етеді. Ондай баға қазір жоқ қой. Біз көтерме бағамен сатамыз әрі тек ұжымдық тапсырыстарды қабылдаймыз. 25 тамыздан бастап тапсырыстар түсе бастайды. Ал бөлшек сауда 30-31 тамыз, 1 қыркүйек түске дейін болады. Сауда осы күндері және наурыз, мамыр айларында ерекше қызатынын мойындау керек", - деді ол.
Жания тек қана ұжымдық тапсырыстарды қабылдайтындықтан, бума-бума гүлдерді көзімізше дайындап жатты. Осы ретте жекелеген сауданың да бағасын білгіміз келді.
"50 теңгеге гүл табуға болады"
Баласы екеуі гүл сатып тұрған Әсем апай алғашында жауап беруге ұялды. "Біздің базарды жабайын деп жатыр ма сонда" деп қорқып тұрғанын да байқадық. Бәрін түсіндіргеннен кейін ғана ашылып, сұрағымызға жауап берді.
"6 жылдан бері гүл сатумен айналысамын. Бөлшек сауда болғандықтан біз таңғы 4-те көтерме бағамен сататын саудагерлерден сатып аламыз. Бұл жерге таңғы 4-те келсеңіз, 200-300 теңгеге, тіпті қысқа раушандарды 50 теңгеге таба аласыз. Ал 1 метр раушандарды 750 теңгеден аласыз. Көтерме сауда таңғы 8-ге дейін болады. Ол жерде әркім тапқанын әкеледі. Кейбіреулер еккен гүлдерін сатады. Осы жерде екі қатар гүлдер жайылып, "Камазбен" сатылады. Негізі барлық алматылықтар осы жерден келіп алады", - деді ол.
Гүлдердің бәрін өзі асықпай орап, әдемілеп безендіреді. 1 қыркүйек қарсаңына деп астраларды да дайындап қойған.
"Алғашқы қоңырау салтанатына көбіне астраны жиі алады. Оның бір бумасы 2000-3000 теңгеден басталады. Бір бумада 5-6 дана болады. Қыркүйекке дайындықты тұрғындар 30-31 тамызда бастайды. Сол екі күнде осы базар толады. Қазір соған дайындалып жатырмыз. Бір күнде қанша түсетіні тапсырысқа байланысты ғой. Дегенмен сол күндері ең аз дегенде 100 мың теңгеге дейін сауда жасаймыз", - деді Әсем апай.
"Білім күні қарсаңында 5-6 млн табыс түседі"
Базардағы гүлдерді қарап жүріп, бағасы бірдей екенін байқадық. Гүлдердің сабағын ұқыпты кесіп, әдемілеп орап жатқан жігітті байқап, танысып алдық. Есімі Фаяз екен. Гүлдерді бір апта бұрын сатып алған. Жоғары қабаттағы бөлмесінің ауа қысымын реттеп, сол жақта бәрін дайындап қойған.
"Негізінен бір апта бұрын гүлдерді сатып аламыз. Себебі мереке күндері жақындағанда бағасы қымбаттап кетеді. Жақсы тоңазытқышта гүлдер ұзақ уақытқа дейін сақталады. Алғашқы қоңырауға астрамен қатар хризантема гүлін де жиі алады. Олардың температурасын сақтап, баптаса, бұл гүлдер екі аптадай сақталады. Ал раушандарды тек 10 күн ғана сақтауға болады. 10 күннен соң олар өзінің қалпын, иісін жоғалта бастайды. Клиент сатып алған соң күнделікті раушанның суын ауыстырып, бөлме температурасында қалыпты сақтаса 4-5 күн сақтауға болады", - деді ол.
Фаяздың айтуынша, халық 1 қыркүйек қарсаңында қымбат бағада гүл алмайды. Бюджет сомасы 3-5 мың теңге аралығында болатынын айтты.
"Хризантема, астра ең арзан гүлдер болғандықтан, оларды қымбатқа сата алмаймыз. Тек 10 мыңға дейін ғана баға қоямыз, клиенттер де мұндай бағаға алмайды. Себебі бірінші сыныпқа баратындар қымбат бағаға гүл алмайтыны белгілі ғой. Ең арзаны 3 мыңнан басталады. Одан бөлек, кішкентай сөмкелердегі гүл бумаларын сатамыз. Оның да бағалары 3 мыңнан басталады. Негізі халық 3-5 мың теңге аралығында ғана гүл сатып алады. Раушандарды мүлдем алмайды", - деді ол.
Бұған дейін Ресейде жұмыс істеген ол Қазақстанда Білім күнінде гүл алу қарбаласы ерекше болатынын айтты.
"Қазақстанда оқу жылының басталар кезінде базар халыққа лық толады. Барлығы арзан бағадағы гүлдерді іздейді. Биыл 1 қыркүйек демалысқа түсіп тұр ғой. Халықтың қашан алатыны белгісіз болып тұр. Дегенмен 30-31 және 1 қыркүйек сауда қызады деген ойдамыз. Жыл сайын солай болады. Қанша бума гүл алады, қанша тапсырыс түседі – әлі белгісіз. Бұл өзі лотерея сияқты ғой. Бұйырса алдағы үш күнде 5-6 млн табыс түседі деп күтіп отырмыз. Ал 1 қыркүйектен соң бұл гүлдердің бағасы төмендейді. Мәселен, астраны 700-800 теңгеге алуға болады", - деді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы