1 қыркүйек жақындады: ІІМ үндеу жасады

1 қыркүйек жақындады: ІІМ үндеу жасады
Фото: Tengrinews.kz/ Әлихан Сәриев

Жаңа оқу жылы басталуына санаулы күндер қалды. Осыған байланысты полиция балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елімізде "Назар аударыңыз, балалар!" акциясы басталды. Акцияның басты мақсаты - балаларды жолдағы қауіптен қорғау және қауіпсіз орта қалыптастыру.

Оқу жылы басталар алдында мектептер мен білім беру ұйымдары маңында бақылау күшейтіледі. Полицияның міндеті - балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Ішкі істер министрлігі жүргізушілерді жылдамдықты асырмай, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және көлік тізгінінде барынша мұқият болуға шақырды. Әсіресе, балалар жолға тосын жерден шығып қалуы мүмкін екенін ескерген жөн.

"Қазір мектеп маңындағы жаяу жүргіншілер өткелдері, жол белгілері мен жол таңбаларының жай-күйі тексеріліп жатыр. Сонымен қатар, мектеп автобустары мен балаларды тасымалдау қауіпсіздігі де бақылауға алынған. Тексеріс қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарының жол инфрақұрылымына қатысты 548 нұсқау берілді", - деді ІІМ өкілдері.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget