- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 1 қазаннан бастап...
1 қазаннан бастап Қазақстанда не өзгереді?
Massaget.kz тілшісі 1 қазаннан бастап елімізде болатын өзгерістерге шолу жасады.
Қазақстандықтар қазанда қанша күн демалады?
Қазанда Республика күні атап өтіледі. Бұл мемлекеттік мереке саналады. Биыл Республика күні (25 қазан) сәрсенбіге сәйкес келеді. Соған орай 5 және 6 күн жұмыс істейтіндер бір күн демалады. Демалыс күні басқа күнге ауыстырылмайды.
Бұл айда мерекені есепке алғанда, бес күн жұмыс істейтіндер үшін 10 демалыс күні, ал алты күн жұмыс істейтіндер үшін 6 демалыс күні болады.
Мерекелерге орай берілетін төлемдер
Қарттар күні және Республика күніне орай Қазақстанда аға буын өкілдеріне біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.
Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова брифинг барысында айтты.
"Қарттар күніне (1 қазан) Астана қаласында, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Республика күніне (25 қазан) Ақмола және Павлодар облыстарында аға буын өкілдеріне 2-ден 10 АЕК-ке (6 900 - 34 500 теңге аралығы) дейінгі мөлшерде, шамамен 1,9 миллиард теңгеге 234 мың адамға біржолғы материалдық көмек көрсетілетін болады", - дейді министр.
Сонымен қатар, Қарттар күніне орай Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Абай және Ұлытау облыстарында мерекелік азық-түлік себеттері табысталады.
1 қазаннан бастап шағын несие мөлшерлемелері көтеріледі
1 қазаннан бастап Қазақстанда шағын несиелер қымбаттайды, сондықтан микроқаржы ұйымдары жаңа әдіспен өсім алмақ.
Жеке тұлғалар үшін 45 күнге дейінгі шағын несие бойынша ең жоғары сыйақы тәулігіне 0,4 пайыздан аспайтын болады, бұрын ол 0,35 пайыз болатын. Мерзім 45 күннен асатын болса, бұрынғы 128 пайыз орнына жылдық 146 пайыз алынады.
Бұл көрсеткіштерді жылдық мөлшерлемеге келтіретін болсақ, 103 500 теңгеге дейінгі шағын несиелер бойынша мөлшерлеме 339 пайыз болады. Ал 103 500 теңгеден 172 500 теңгеге дейінгі шағын несиелер бойынша 211 пайыз болады.
Тұмауға қарсы екпе салу науқаны басталады
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің "2023-2024 жж. эпидемиялық маусымына тұмау және ЖРВИ бойынша санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізу туралы" қаулысына қол қойылды.
"Қаулы ЖРВИ және тұмау бойынша эпидемиялық маусым кезеңінде профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізуді көздейді. Оның ішінде осы жылдың 1 қазанынан бастап тұмауға қарсы екпе жүргізу, медициналық ұйымдарда кіре берісте "сүзгілердің" жұмысын қамтамасыз ету, маскаларды пайдалану, антисептиктердің болуы, ЖРВИ, тұмау көріністерімен үйге шақыру бойынша жүкті әйелдер мен 1 жасқа дейінгі балаларға бірінші кезекте қызмет көрсету, мектепке дейінгі балалар ұйымдарында күнделікті таңертеңгі сүзгіні жүргізу, ЖРВИ және тұмау белгілері бар балаларды шеттету бар", - делінген құжатта.
1 қазаннан бастап ХҚКО қандас мәртебесін алуға өтініш қабылдамайды
Бұл туралы "Отандастар қоры" хабарлады. Енді этникалық қазақтар қандас мәртебесін "Құтты мекен" ақпараттық жүйесінің мобильді қосымшасы немесе Қазақстанның шет елдердегі мекемелері арқылы алады. Ол үшін келесі құжаттар қажет:
- өтініш;
- еркін нысандағы өмірбаян;
- өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері және нотариалды куәландырған қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасы;
- жеке басын куәландыратын құжаттарда ұлты жазылмаған жағдайда, өтініш берушінің ұлтын растайтын басқа да құжаттар болуы керек.
Алкоголь қымбаттайды
Қаржы министрі 2023 жылғы 4 шілдедегі "Арақтар мен арнайы арақтардың, шығу тегі қорғалатын белгісі бар арақтардың, күшті алкогольдік ішімдіктердің, коньяк пен брендтің ең төменгі бөлшек сауда бағаларын белгілеу туралы" бұйрыққа қол қойды.
2023 жылдың 1 қазанынан бастап мына заттарға ең төменгі бөлшек бағалар болады:
- арақтар мен арнайы арақтар, шығу тегі қорғалатын белгісі бар арақтар, литрі 2100 теңге мөлшерінде күшті алкогольдік ішімдіктер;
- литріне 3110 теңгеден коньяк пен бренд.
Бұйрық 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енді.
Алматыда 1 қазанда қай көшелер жабылады?
Алматыда "Алматы марафоны" өткізілуіне байланысты 1 қазанда сағат 7:00-ден 13:30-ға дейін жарыс өтетін кейбір көшеде көлік қозғалысы шектеледі.
Спортшылар жүгіріп өткен көшелерде біртіндеп жол ашылады. 30 қыркүйекте сағат 6:00-ден 1 қазан сағат 18:00-ге дейін Сәтбаев көшесінде (Желтоқсан көшесінен Назарбаев даңғылына дейін) жол жабылады.
Ал 1 қазанда мына бағыттарда көлік қозғалысы шектеледі:
- 7:00-ден 10:40-қа дейін Назарбаев даңғылы (Сәтбаевтан әл-Фарабиге дейін)
Балама жол Достық даңғылының екі бағытымен өтеді.
- 7:00-ден 11:10-ға дейін Әл-Фараби даңғылы (Назарбаевтан Шашкинге дейін)
Оңтүстік жағы автокөлік қозғалысы үшін ашық.
Шығыс бағытындағы балама жол Абай даңғылымен өтеді.
- 7:00-ден 13:30-ға дейін Әл-Фараби даңғылы (Шашкиннен Сайынға дейін)
Оңтүстік жағы автокөлік қозғалысы үшін ашық.
Шығыс бағытындағы балама жол Абай даңғылымен өтеді.
- 7:00-ден 13:00-ге дейін Сайын көшесі (Әл-Фарабиден Абайға дейін)
Батыс жағы автокөлік қозғалысы үшін ашық.
Солтүстік бағытындағы балама жол Бауыржан Момышұлы көшесімен өтеді.
- 7:00-ден 13:30-ға дейін Абай даңғылы (Сайыннан Байтұрсыновқа дейін)
Солтүстік жағы автокөлік қозғалысы үшін ашық.
Шығыс бағытта балама жол Әл-Фараби даңғылы, Төле би көшесі, Құрманғазы көшесі, Қабанбай батыр көшелерінің бойы.
- 7:00-ден 14:00-ге дейін Байтұрсынов көшесі (Абайдан Сәтбаевқа дейін).
Балама жол Байзақов көшесімен өтеді.
- 7:00-ден 13:30-ға дейін Сәтбаев көшесі (Байтұрсыновтан Желтоқсанға дейін)
Балама жол батыс бағытта Абай даңғылымен, шығыс бағытта Құрманғазы көшесімен өтеді.
- 7:00-ден 10:35-ке дейін Сәтбаев көшесі (Байзақовтан Байтұрсыновқа дейін)
Балама жол батыс бағытта Абай даңғылымен, шығыс бағытта Құрманғазы көшесімен өтеді.
- 7:00-ден 10:35-ке дейін Шашкин көшесі (Әл-Фарабидан Тимирязевқа дейін)
Балама жол Марков көшесімен өтеді.
- 7:00-ден 10:35-ке дейін Тимирязев көшесі (Шашкиннен Байзақовқа дейін)
Балама жол батыс бағытта Абай даңғылымен, шығыс бағытта әл-Фараби даңғылымен өтеді.
- 7:00-ден 10:35-ке дейін Байзақов көшесі (Тимирязевтен Сәтбаевқа дейін).
Балама жол солтүстік бағытта Әуезов көшесімен, оңтүстік бағытта Манас көшесімен өтеді.
Республика алаңына автокөлікпен жету үшін ұсынылатын бағыттар:
1. Желтоқсан көшесімен оңтүстікке қарай Сәтбаев көшесіне дейін;
2. Сәтбаев көшесімен батысқа қарай Назарбаев көшесіне дейін;
3. Назарбаев даңғылынан оңтүстікке қарай Сәтбаев көшесіне дейін;
4. Әл-Фараби даңғылының оңтүстік жағымен Нұрлы тауға дейін және Республика алаңына дейін жаяу жету;
5. Абай даңғылынан батысқа қарай Желтоқсан көшесіне дейін;
6. Шевченко және Құрманғазы көшелерімен Желтоқсан көшесіне дейін;
7. "Абай" метро станциясына дейін.
Қазанда ауа райы қандай болады?
"Қазгидромет" синоптиктері қазан айында ауа райы қандай болатыны туралы болжам ұсынды.
Мамандардың болжамынша, бірінші онкүндікте атмосфералық фронттардың жиі өтуімен жаңбыр жауып, найзағай ойнап, желдің екпіні 15-23 м/с күшейеді, 3-4 қазанда республиканың шығысында және оңтүстік-шығысында қатты жауын-шашын жауады, түнде таулы аймақтарда жаңбыр жылбысқы қарға айналуы мүмкін. Тек кей күндері ғана республика бойынша күн жылы әрі ашық болады.
Бірінші онкүндікте ауа температурасы жоғарылайды:
- батыста түнде +3+8°С-тан +7+12°С-қа дейін, күндіз негізгі фон +20+27°С;
- оңтүстік-батыста түнде +7+15°С-тан +12+17°С-қа дейін, күндіз +22+27°С-тан +24+29°С-қа дейін;
- республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында, орталығында, шығысында түнде 0,+7°С-тан, жекелеген аудандарда 3 градус аяздан +5+12°С-қа дейін, күндіз +10+15°С-тан +17+22°С-қа дейін;
- елдің оңтүстігінде негізгі фон түнде +5+13°С, күндіз +20+25°С-тан +25+30°С-қа дейін жоғарылайды;
ҚР оңтүстік-шығысында ауа температурасының түнде +5+13°С-тан +3+9°С-қа дейін, күндіз +18+25°С-тан +13+21°С-қа дейін, таулы аудандарда түнде 0,-5°С-тан 0,+5°С-қа дейін, күндіз +5+10°С-тан +10+15°С-қа дейін ауытқиды.
Онкүндіктің соңында күндізгі ауа температурасы төмендейді:
- еліміздің солтүстік жартысында +8+13°С-қа дейін, оңтүстік өңірлерде +17+25°С-қа дейін,
- оңтүстік-шығыс аймақтарда керісінше +22+27°C-қа дейін ауа райы жылынады.
Екінші онкүндіктің басында елдің басым бөлігінде ауа райының тұрақсыз сипаты сақталады. Айдың ортасында бұлтсыз ауа райы және температураның жоғарылайды.
Айдың соңында республиканың барлық аумағында суық ауа райының кезекті толқыны келеді, жаңбыр, жылбысқы қар, тұман мен көктайғақ құбылыстары, екпінді жел болжанады.
Ауа температурасы төмендейді:
- батыс өңірлерде түнде -5-10°С-қа дейін, күндіз +15+20°С-тан +3+8°С-қа дейін;
- республиканың солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде түнде 0,+5°С-тан -7-12°С-қа дейін, күндіз +11+16°С-тан -3-8°С-қа дейін;
- ҚР оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында түнде +7+12°С-тан -2-7°С-қа дейін, күндіз +18+23°С-тан +5+10°С-қа дейін.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина