2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсетудің тәртібі өзгереді. Жаңа тәртіп АӘК-ті барынша ашық әрі әділетті етіп, адамдарды еңбекке ынталандырады, деп хабарлады Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Енгізілетін жаңашылдықтың бірі мемлекет еңбекке қабілетті азаматтарға жұмыс табуға көмектеседі. Азаматқа немесе отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындауда еңбекке қабілетті отбасы мүшесіне жұмыс ұсынылады. Ол келісімін берген жағдайда әлеуметтік келісімшартқа қол қойылып, АӘК төленеді. Алайда, еңбекке қабілетті азамат жұмысқа шығудан бас тартқан жағдайда өзі ғана емес, оның отбасы да АӘК-тен айырылады.
Дегенмен көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы мен балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет сақталады. Осылайша, АӘК-тің жаңа тәсілдері көрсетілетін көмекті барынша әділ етіп, азаматтарды жұмысқа ынталандырады. Ал бұл азаматтарға өз әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік көмек шынымен мұқтаж адамдарға көрсетіледі.