31 жастағы Аяланың өмірі 2 жыл бұрын күрт өзгерген. Ол бір кезде құрдымға кетіп бара жатқанын түсініп, өмірден қол үзгісі келгенін жасырмады. Бұған себеп – құмар ойын. Massaget.kz тілшісі кейіпкермен қиын сәттері мен тығырықтан шығу жолы туралы сұхбаттасты.
Аяла бір жылда құмар ойындарға 36 миллион теңге жұмсаған, қазір 9 миллионнан аса қарызы бар.
"Бұл хикая бұдан 2 жыл бұрын басталды. Жұмыста әріптесім бір ойын көрсетті. Менде көрейін дедім. Ақыр соңында бір аптада 60-70 мың теңге ұтылып қалдым. Одан кейін қойып кеттім. Жылдың аяғында, шамамен қараша-желтоқсанда басталды. Сол кезде күнде ойнай бастадым, алғашында 2-3 мың теңгеден тігіп жүрдім. Кейін бір күні бірден 10 мың теңге қойып, 240 мың теңге алдым. Сол кезде бұдан ақша табуға болады деген ой келді. Одан кейін – 100, 200, 300 мың теңге, кейде тіпті 1 миллион қойып жүрген, 5 сағатта 3 миллион теңгеден айырылып қалған сәттер болды. Бұл кезде тіпті тоқтай алмай кеттім", – деп ақтарылды кейіпкер.
"Егер ұтыс берілмесе, онда мұндай қомақты сома салмас едім. Қатты құмартып бара жатқанымды білетінмін, бірақ өз-өзіме қол жұмсау туралы ой келгенде, жан-жақтан қарыз қысып кеткенде мұның шынымен асқынып бара жатқанын ұқтым", – дейді Аяла.
Кейіпкердің айтуынша, 3 ай бұрын суицид туралы көп ойлаған. Мұндай ауыр кезде оның жақындары бетінен қақпай, керісінше, қолдау білдірген.
"Жақындарым шошып кетті, әрине. Өмір сүру деңгейім жақсы болатын. Кейбіреулері әлі күнге дейін сенбейді. Әлеуметтік желідегі видеоларды оқырман көбейту үшін жасалған контент деп ойлайды. Жақындарым да, достарым мен құрбыларым да айыптаған жоқ, бетіме басқан жоқ. Олар маған қолдау білдірді. Оларға алғысым шексіз", – дейді ол.
Аяла бұдан 2 жыл бұрын отбасын құрған. Оның айтуынша, ойынға құмартқаны сонша, тіпті күйеуге шығу, отбасын құру сынды жаңа сатысы қызықсыз болған.
"Күйеуге шыққан соң, бірнеше уақыт бойы ойнамай жүрдім, қойып кеткен шығармын деген ой болды. Бірақ кейін қарыз қыса бастағанда амалсыз бастап кеттім. Үйден де, отбасылық өмірден де ләззат ала алмадым. Үй шаруасын да істемей жүрдім, күйеуім жындана бастады", – дейді әйел.
Достарым мен құрбыларыма берешегім – 3 миллион теңгеден асады. Оған қоса несиелер мен микронесиелер бар.
"3 ай бұрын шетелде жұмыс істейтін құрбыма хабарласып, "өмір сүргім келмейтінін, шаршап кеткенімді, бәрі қыспаққа алып кеткенін" айттым. Ол маған лудоманияға қарсы кеңес беретін маман тауып, курсымды төлеп берді. Қарызымды жүйеледік. Жақындарыма шындықты айтуға тура келді. Кейбірі қолдап, асығыстық жоғын айтты, кейбірі әлі күнге дейін қыспаққа алады, бірақ жағдай бұрынғыдай емес. Бәрін қатты қабылдамай, жіберіп үйрендім", – деді Аяла.
Кейіпкердің айтуынша, қазір қарыздан құтылып, блогын әрі қарай дамыту жоспарда бар.
"Қазір блог жүргізіп бастағаным маған мотивация береді. Көп адам бастан кешкен оқиғасын айтады. Құмар ойынға салынып, өмірімді құрдымға жіберетінін түсіндім. Оған қоса, мүлде танымайтын адамдар қолдап жатыр. Ойыммен, санаммен жұмыс істеп келемін. Бұрынғы, қалыпты өміріме қайта оралып жатырмын. 2 апта бұрын бір құрбым хабарласып, ақшасын қайтаруымды өтінді. Менде ақша болған жоқ. Шыны керек, қайта ойнап кетейін бе деп ойладым. Бірақ кеңес берушімен сұхбаттасқаннан кейін жеңілдеп қалдым, өткен өміріме қайтқым келмейді"
Аяланың айтуынша, тіпті декретте отырған ана да құмар ойынға салынып, 5 миллион теңгеге бәс тіккен.
Еске салайық, қыркүйектегі ақпарат бойынша 156 мың қазақстандық өзін құмар ойыннан шектеген еді.
Осынша азамат eGov mobile қосымшасындағы арнайы қызмет түрін пайдаланған. Нәтижесінде, ойыншы жарты жыл немесе одан ұзақ мерзімге букмекерлік кеңсе немесе онлайн казиноға ақша сала алмайды. Салаға жауапты Туризм және спорт министрлігінің өкілдерінің мәліметінше, өтініш берушілердің саны күн сайын артып келе жатқанын жеткізді.
Айта кетейік, бұл індеттен арылу үшін өңірлерде күрес жүргізіліп жатыр. Мәселен, Түркістан облысында талаптар түсіндіріліп, жұмыстар басталып кеткен.
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев лудоманияға қарсы күресті күшейту бағытындағы заңға қол қойған болатын. Заңда букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды сыртқы (көрнекі) жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, видео және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынған болатын. Түркістан облысында осы бағытта жұмыстар басталып кеткен.
"Арыс қаласы бойынша лудомания немесе ойын бизнесімен күрес мақсатында Арыс қалалық ішкі саясат бөліміне қарасты "Жастар ресурстық орталығы", Арыс аудандық прокуратурасы, Арыс аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, рейдтік, зерделеу жұмыстарын жүргізді. Кәсіпкерлерге жаңа заңның талаптары түсіндірілді. "Жастар ресурстық орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2024 жылдың 9 айында жастар мен жасөспірімдер арасында лудоманияның алдын-алу профилактикалық жұмыстары бойынша 11 іс-шара ұйымдастырды", - делінген хабарламада.
Бұдан басқа, мектеп оқушыларымен де кездесу өтіп, түсіндірме жұмыстар жүргізілген.
"Атап айтсақ, Арыс қаласындағы мектептерде жоғарғы сынып оқушылары арасында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасында "Сен өзгерсең – сенің әлемің де өзгереді", "Құқықбұзушылықтың алдын алу" және "Тәрбие тал бесіктен басталады" тақырыптарында семинар-тренингтер және түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Сонымен бірге "Құмар ойынға құмартпа" тақырыбында кино көрсетіліп, "Лудомания – қоғам дерті" атты семинар-тренинг ұйымдастырылған", - делінген жауапта.
Еске салайық, бұған дейін де Түркістан облысында бұл қасіретке қарсы күрес қалай жүргізіліп жатқаны мәлім болған еді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!