1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда не өзгереді?

Қазақстанда 1 желтоқсаннан бастап бірнеше өзгеріс болады. Massaget.kz тілшісі қандай өзгерістер болатынына шолу жасады.

Қалай демаламыз?

Биыл желтоқсанда мерекелерге байланысты біршама өзгеріс бар. 1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күні демалыс болмайды. Ол мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тасталды, енді ол Мемлекеттік рәміздер күні, Алғыс айту күні сияқты атаулы даталарға және әлеуметтік мәні жоғары әлеуеті бар басқа да даталарға ұқсас болып қалдырылды.  Биыл 1 желтоқсан бейсенбіге сәйкес келеді және толық жұмыс күні.

Сондай-ақ, биыл Тәуелсіздік күніндегі демалыс күндері қысқарды. Енді мереке тек бір күн - 16 желтоқсанда тойланады. Ал 17 желтоқсан жұмыс күні болады. Биыл 17 желтоқсан сенбіге сәйкес келеді және аптасына бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар үшін демалыс күні болады.

Яғни 16 желтоқсан және сенбі, жексенбі күнгі демалыстарды қосқанда қазақстандықтар желтоқсанда 10 күн демалады. Қазақстанда жылдың соңғы күні жұмыс күні болады. Бірақ биыл 31 желтоқсан сенбіге келгендіктен, бес күн жұмыс істейтіндер үшін де демалыс болады.

Жазғы дөңгелекпен жүруге тыйым салынады

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қыстың басталуы мен суық ауа райына байланысты жолдардағы көлік қозғалысы ерекше назар аударуды қажет ететінін атап өтті.

"Жеңіл көліктер мен аз тонналы жүк көліктерінің желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында тек қысқы не барлық маусымға арналған дөңгелектердің кейбірімен ғана жолға шығуына рұқсат беретін талап Кеден одағының "Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінде жазылған", - делінген хабарламада.

Ережені бұзған жағдайда 5 АЕК (15 315) көлемінде айыппұл салынады екен. Ал бір жыл ішінде осы ереже қайта бұзылса, онда айыппұл көлемі артады. Сонымен қатар, жазғы шиналардың қыста қатып қалып, тұтқырлық қасиетінен айырылуы, ең кемі алдыңғы көлікті сәл іліп кетуге мәжбүр етсе, кей жағдайда оқиғаның қайғылы аяқталуына әкеп соғуы да ғажап емес. Қыста жүруге рұқсат берілетін бұдырлы шиналар ішінде қар ұшқыны бар үш шыңға ие тау іспеттес белгімен және М+S, M&S не M S белгілерімен таңбаланады. Бұл ретте шина бұдырының тереңдігі кемі 4 мм болуы тиіс.

Қонаевтан күнделікті қатынайтын пойыз бағыты Алматы-2 вокзалына дейін ұзартылады

Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 11 желтоқсаннан бастап Алматы-2 бекетіне дейін жолды ұзарту жоспарланған. Пойыз тәулігіне орта есеппен 25-40 адамды тасымалдайды.

Алматы-1 - Қапшағай - Алматы-1 пойыз бағыты іске қосылғаннан бері күнделікті тасымалдар:

Алматы-1 - Қапшағай - 25 жолаушы;
Қапшағай - Алматы-1 - 38 жолаушы.

Маршрутты іске қосу үшін республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлінбеген. 2022 жылдың соңына дейін бағытты ұстау "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының жеке қаражаты есебінен ұйымдастырылады.

Таразда "Сергек" жүйесі іске қосылады

Жамбыл облысының орталығында биыл 1 желтоқсаннан бастап, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін "Сергек" бақылау жүйесі іске қосылады. Таразда жоба бойынша 1250 жалпы бақылау камерасын орнату қарастырылған. 48 аппараттық-бағдарламалық кешен (АБК) қаланың жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Барлық ереже бұзу жағдайы ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы тіркеу Комитетінің  әкімшілік істер бойынша бірыңғай реестріне бірден тіркеледі.

Жанқош Тұраровтың жекпе-жегі өтеді

Жанқош Тұраров Испания атынан шығатын тегі венесуэлалық боксшы Энрике Луиспен 11 желтоқсанда Алматы төрінде рингке шығады.

Бұл жекпе-жекте бірінші жартылай орта салмақтағы IBO Intercontinental белбеуі сарапқа салынады. Луис белбеуді алып кететінін мәлімдеді. 

Дамир Исмағұловтың келесі кездесуі өтеді

UFC ресми түрде қазақстандық файтер Дамир Исмағұловтың келесі кездесуі туралы хабарлады. Исмағұлов пен Арман Царукян (18-3) арасындағы жекпе-жек 18 желтоқсанда Лас-Вегас (Невада штаты, АҚШ) қаласында UFC Vegas66 турнирінде өтеді. 

Айта кетейік, UFC-дің жеңіл салмақтағы рейтингінде Исмағұлов 12-орында, ал Царукян 9-орында тұр. 

Қазақстан мен Өзбекстан шекарадағы өткізу пункттерін жабады

1 желтоқсаннан бастап "Қапланбек" және "Зангиота" өткізу пункттері қайта жаңартуға жабылады. Қайта құру қорытындысы бойынша, тасжолды екі жолдан алты жолаққа дейін кеңейту жүргізіледі, "Қапланбек" өткізу пунктінің өткізу қабілеті тәулігіне 200-ден 1000 көлік құралына дейін ұлғайтылады, шекарадан өту уақыты 25 минутқа дейін қысқартылады.


Фото: t.me/toshvilpressa

Алматыда жоспарлы жалпықалалық сейсможаттығу өтеді

Алматыда 2 желтоқсанда сағат 11:00-де жоспарлы жалпықалалық сейсмикалық оқу-жаттығу өтеді. Ол жылына бір рет өткізіледі. Тоқсан сайын қала мекемелерінде сейсмикалық жаттығулар ұйымдастырылса, биылдың өзінде 3,5 мыңнан аса сейсмикалық оқу-жаттығу өткізілген.

Сейсмикалық оқу-жаттығу күні теле және радиоарналар сиреналық қондырғыларды пайдалану арқылы қалалық ескерту жүйесі іске қосылады, "ДАРМЕН" мобильді қосымшасы арқылы push-хабарламалар жіберіледі.

Қыстың алғашқы күндері ауа райы қандай болады?

Синоптиктер 1-3 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын ұсынды. Метеорологтар мәліметінше, кезекті антициклонның ауысуына байланысты Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа температурасының төмендеуі күтіледі, соған байланысты батыста, солтүстік-батыста және солтүстікте жауын-шашын болмайды.

Орталықта, республиканың оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында оңтүстік циклон әсерін сақтайды, сонымен қатар жауын-шашын, негізінен, қар түрінде болады:

1 желтоқсанда оңтүстік және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында, 2 желтоқсанда шығыста атмосфералық фронттар ықпалынан қар жауады. Республикада желдің күшеюі күтіледі, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста - тұман, көктайғақ; шығыста және орталықта - қарлы боран.

"Ауа температурасының төмендеуі: түнде республиканың батысында 2-16-дан 5-18 градус аязға дейін, солтүстік-батыста 7-27-ден 14-30 градус аязға дейін, солтүстік облыстарда 15-28-ден 22-32 градус аяз, еліміздің орталығында 5-20-дан 13-30 градусқа дейін аяз, республиканың шығысында 15-35-тен 22-37 градусқа дейін аяз, оңтүстікте 3-12-ден 8-17 градусқа дейін аяз, оңтүстік-шығыста 1-22-ден 8-28 градусқа дейін аяз болады", - делінген хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!