"1 ай беріледі". Әлихан Смайылов министрлерге қатаң тапсырма берді

"1 ай беріледі". Әлихан Смайылов министрлерге қатаң тапсырма берді
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Әлихан Смайылов су үнемдеу жабдықтарының өндірісін қолға алу үшін бірнеше министрге тапсырма берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкімет басшысы 2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы еліміз маңызды екенін жеткізді.

"Тұжырымдаманың маңызды бағыттың бірі - су шаруашылығына қажет инфрақұрылымды салу және реконструкциялау. Көп жыл бойы оларды күтіп ұстауға тиісті көңіл бөлінбей келді. Мысалы, Орталық Қазақстан мен Астананың басты су арнасы Қаныш Сәтбаев атындағы каналда сорғы станциялары жұмысының тиімділігі небәрі 30 пайыз. Үлкен Алматы каналы пайдалануға берілген кезден бастап 40 жыл бойы жөндеу жүргізілмеген. Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында магистральды және шаруашылық аралық арналардың көпшілігі тозған. Салдарынан 40 пайыз су ысырап болып жатыр", - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Сонымен қатар, фермерлер суды үнемдеу технологиясын пайдалануға бейімделуі керек.

"Су тапшылығында және суды тұтынудың артуы кезінде су шығынын азайту мен оны ұқыпты пайдалану өте маңызды. Қазір біз фермерлерге су беру құнын субсидиялап отырмыз. Сондай-ақ, су үнемдеу технологияларын сатып алуға жұмсалған шығынның 50 пайызын өтейміз. Биыл бұл межені 80 пайызға дейін көтеру жоспарланып отыр. Жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан елімізде су үнемдеу жүйелерін енгізу үлесі төмен деңгейде қалып отыр", - деді үкімет басшысы.

Оның айтуынша, тамшылатып суару жүйесін қолдану 312 мың гектарда жоспарланған. Бүгінде ол 84 мың гектарда ғана қолданылады.

"Себебі технологиялар құны қымбат. Оған диқандардың көпшілігінің шамасы жетпейді. Сондықтан оларды өзімізде шығаруды қолға алу керек. Мұндай жобалар қазірдің өзінде талқылануда. Оларды іске асыруымыз қажет", - деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр әкімдіктер мен бірнеше министрге тапсырма берді.

"Біріншіден, өңір әкімдіктері бір айда коммуналдық суару мен жеке суару жүйелерін қалпына келтіру және оларды цифрландыру бойынша жол карталарын қабылдаулары қажет. Сондай-ақ, коммуналдық гидротехникалық құрылыстарды жан-жақты тексеру керек.

Екіншіден, тұжырымдаманы тиімді іске асыру үшін су саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдау қарастырылған. Бұл жоспар тұжырымдаманы модернизациялау мен салуды қарастыратын су инфрақұрылымы объектілерінің нақты тізбесімен толықтырады. Сондықтан Су ресурстары министрлігі 2 аптада кешенді жоспардың жобасын Үкімет аппаратына енгізуді қамтамасыз етсін.

Үшіншіден, Өнеркәсіп министрлігі Су ресурстары және Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірге 1 айда отандық су үнемдеу жабдықтарының өндірісін ұйымдастыру жөнінде нақты ұсыныстар енгізсін. Жалпы үйлестіру премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярда", - деді Үкімет басшысы.

Аяз Есен

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz