Бір кездері мұнда ғарышкерлер емделу үшін арнайы келетін. Қазір бұл жерде демалыс орталықтарының саны айтарлықтай артып, маусым сайын демалатын адамдар саны 2 миллионға жетеді.
Алайда емдік қасиеті бар курорттың қазіргі жағдайы қандай? Келушілер мұндағы сапа мен бағаға разы ма? Ал жергілікті кәсіпкерлер неге наразы? Қыруар қаражат құйылып жатқан демалыс мекені қоқыс полигонына айналып кетпеді ме? Massaget.kz тілшісі малтатас және қиыршық таспен тегістелген қара жағажайы бар әлемдегі жалғыз көлдің жағдайына шолу жасады.
Алакөл жағалауына демалуға келетін адам санының жыл сайын артып келуіне бірнеше себеп бар:
Әкімдік мәліметінше, қазір бұл аумақта 302 демалыс орны жұмыс істеп жатыр. Мынадай туристік объектінің көбеюіне субсидияның да әсері бар.
Алайда жағажайға келгенде бірден көзге түсетін бірнеше мәселе бар: жол, әжетхана және қоқыс.
Алматы облысының тұрғыны Ақбота Алакөлге 2 күн бұрын келген. Ол жағажай аумағы демалысқа дұрыс даярланбағанына наразылығын айтты.
"Әжетхана жоқ, жұрт қайда барарын білмейді. Мына көлдің жағасына 1 ғана әжетхана. Ел жағажай маңындағы қонақүйлердегі әжетханаларға барып жүр ма, жоқ па, кім білсін?! Құтқарушыны да байқаған жоқпын. "Әжетханаға барыңыздар, суға дәрет сындырмаңыздар" деп әлсін-әлсін айтып тұру керек пе деп те ойлаймын. 4 ересек адам мен 2 балаға 450 мың теңге төлеп келдік. Мұнша ақша төлеп жатқан соң гигиена болғаны дұрыс қой. Киім ауыстыратын да жер жоқ. Шетелде көріп жүрміз ғой, бәрі ойластырған", - дейді ол.
Бұл мәселені бірнеше демалушы көтерді. Алматы тұрғыны биыл немерелерімен келген. Алайда олар сапа мен баға сәйкес келмейді дейді.
"Үлкен кісілер де, балалар да қайда барарын білмейді. Мұнда қоқыс үйіліп қалады. Баяғы жартас - сол жартас. Ешнәрсеге көңіл бөлмейді. Балалар ауру бола ма деп қорқасың. Қалай қайтып келесің?" - дейді ол.
Алайда кәсіпкерлердің айтуынша, әкімдік биоәжетхана қоюға рұқсат етпей отыр.
Жағалау маңында бір ғана әжетхана көз түсті. Онда кіру - 100 теңге. Әжетхана күніне 3 рет тазаланады.
Жағажайда бірнеше қоқыс жәшіктері орнатылғанымен, айналада бөтелке мен тамақ қалдығынан көп нәрсе жоқ.
Әкімдік өкілдері бұл мәселеге қатысты пікір білдірді.
"Жыл сайын Алакөлдегі жұмыстарды арттыру үшін 70 миллион теңге бөлінеді. Қазір 32 адам жағалауды күнде кешке таман тазалайды. Сонымен қатар, 8 әжетханалық қорап салынған. Келер жылы оның саны 6-ға артады. 200-300 метр сайын қоқыс жәшіктері орналастырылған. Жағажай ұзындығы - 13 шақырым", - деді Жетісу облысының Кәсіпкерлік және Индустриялды-инновациялық даму басқарма басшысының орынбасары Данияр Меделбекұлы.
Жағалаудың тазалығын қамтамасыз ету үшін Алакөл ауданының әкімі жазғы маусымда күн сайын қатты тұрмыстық қалдықтарды әкетуді және жағалауды санитарлық тазалауды жүзеге асырады. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 15 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар, биыл жағалауды тазарту жұмыстарына 150 ерікті тартылады.
Келесі мәселе - жол және жағалаудың шайылуы.
Еске салайық, бұдан 4 жыл бұрын жағалауда жар құлап, 17 жастағы қызды басып қалған еді. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?
"Бұған байланысты кейінгі жылдары жағалау аймағының эрозия процесі байқалады. Осы мәселені шешу үшін облыс әкімдігі "Жетісу облысы Алакөл ауданы Алакөл көлінің қоршау бөгетінің құрылысы" жобасының бірінші кезегін түзетуді аяқтады. Құрылыс құны - 19,1 миллиард. Республикалық бюджеттен бюджет қаражатын бөлу үшін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне бюджеттік өтінім берілді. Сондай-ақ, жағалауды абаттандыру жобасына 11 миллиард теңге бөлінді", - делінген әкімдік жауабында.
Алакөлдегі оқыс оқиғалардың алдын алу үшін ТЖД құтқару бөлімшесі 13 бірлік жүзу құралдарын (2 қайық, 7 металл, 2 үрлемелі, 2 ескекті қайық), 12 бірлік сүңгуір жабдықтары мен жабдықтарын әзірлеген.
"Демалушылардың жүзу құралдарымен жарақат алуын болдырмау үшін облыстық көліктік бақылау инспекторлары тиісті қадағалауды жүзеге асыратын болады. Өз міндеттерін тиімді жүзеге асыру үшін көліктік бақылау инспекциясы қайық сатып алды", - делінген әкімдік жауабында.
Алайда 13 шақырымдық жағалауда құтқарушылар тіпті көзге көрінбейді. Жағалауда болған жарты сағаттың ішінде 2-3 бала ата-анасынан жаңылып қалғанын білдік. Мұндай жағдайда жағалауда тіпті дауыс ұлғайтқыш та жоқ. Әкімдік бұл мәселені басты назарға алып, келер маусымға даярлап қоюға уәде берді.
Алакөл жағалауына кез келген адамға өз кәсібін ашуға рұқсат. Кейбірі мұнда арнайы сәкілерін жалға берсе, енді бірі жағалау бойында шабыну бөлмесін ашып күн көріп жүр.
Айта кетейік, биыл Алакөлге келушілер саны өсіп, 2 миллионға жеткен. Былтыр мұнда 1,6 миллион адам демалса, 2022 жылы туристер саны 1,5 миллион болды.
Бұдан басқа, 2023 жылы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 7 миллиард 540 миллион теңгеге 29 жоба қаржыландырылса, биыл жыл басынан 1 миллиард 678,3 миллион теңгеге 30 жоба қаржыландырылды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!