Тоқаев Үндістанның премьер-министрі Нарендра Модимен кездесті

 Тоқаев Үндістанның премьер-министрі Нарендра Модимен кездесті
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делидегі БРИКС саммиті аясында Үндістанның премьер-министрі Нарендра Модимен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модиді БРИКС саммитінің табысты өтуімен құттықтап, халықаралық ауқымдағы іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын жеткізді.

Президент әлемдік экономикада көшбасшылардың бірі саналатын Үндістанның ғылыми-техникалық саладағы тамаша жетістіктеріне және халықаралық аренадағы зор беделіне тоқталды.

"Үндістан Сіздің парасатты әрі тегеурінді басшылығыңызбен прогресс пен орнықты даму жолында алға қарай нық қадам басып келеді", - деді Президент.

Мемлекет басшысы қазақ-үнді қарым-қатынасы көптеген бағытта қарқынды ілгерілеп келе жатқанын атап өтті.

"Бүгінде Қазақстанда үнді капиталының үлесі бар 600-дей компания нәтижелі жұмыс істейді. Былтыр елімізге 150 мыңға жуық Үндістан азаматы келді. Қазақстанда көптеген үнді студенттері білім алып жүр. Сондай-ақ біз, халықаралық ұйымдар аясында тығыз ықпалдастық орнаттық", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салайық, кеше Тоқаев БРИКС саммитіне қатысу үшін Нью-Делиге барды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС саммиті аясында АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гормен кездесті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Эфиопия премьер-министрімен кездесу өткізді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget