Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран президенті Масуд Пезешкиан келіссөз жүргізді , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Иранды жақын әрі бауырлас көрші, Орта Шығыстағы сенімді серіктес деп біледі.
"Аса құрметті президент мырза, Қазақстанға қош келдіңіз! Елімізге алғаш рет ресми сапармен келіп отырсыз. Қазақта "Көрші тату болса - құт" деген жақсы сөз бар. Екі елді қарт Каспий байланыстырады. Қазақстан Иранды жақын әрі бауырлас көрші, Орта Шығыстағы сенімді серіктес деп біледі. Біз қашанда Иранға тілеулеспіз. Қиындықтарға қарамастан қарым-қатынасты үзген жоқпыз. Қазақ-иран байланысының тамыры тереңде жатыр. Қос халықтың тарихы ортақ, салт-дәстүрі мен мәдениеті ұқсас. Ықпалдастығымыз ғасырлар бойы жалғасып келе жатыр. Қазақ елі әрдайым Иранды қолдайды, арамызда ешқандай түйткіл, иә болмаса, шешілмеген мәселе жоқ. Сондықтан екі ел арасындағы қарым-қатынастың келешегі зор. Қазақстан мен Иран арасында сындарлы саяси диалог қалыптасқан, үкіметтеріміз бірлесіп жұмыс істейді. Өзара уағдаластықтарымыз орындалып жатыр, парламентаралық байланыс та нығайып келеді. Сауда-экономика саласындағы алыс-беріс жылдан жылға күшейіп келеді. Биылғы 10 айда көрсеткіштер былтырғымен салыстырғанда 40 пайызға артты. Бұл - өте жақсы жетістік. Бірақ осы қарқынды тоқтатпай, өзара сауда көлемін ұлғайта түсу қажет", – деді Президент.

"Тарихы терең, мәдениеті бай бауырлас, достас Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Көптеген бағытта ынтымақтастығымыз қарқынды түрде дамып келеді. Үкіметтеріміз нәтижелі жұмыс атқарып жатыр. Саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және қауіпсіздік салаларындағы ықпалдастықтың әлеуеті зор деп ойлаймын", – деді Иран президенті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова