"Орталық Азия – Еуропа Одағы" саммитіне қатысушылар Aral Culture Summit көрмесін тамашалады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Еуропалық Кеңес президенті Антониу Кошта, Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен Климат конференциясынан кейін Aral Culture Summit көрмесін аралап көрді.
Бұл алаңда Арал экожүйесін қалпына келтіруге, аймақтың мәдени мұрасын сақтауға және орнықты дамуына ықпал етуге бағытталған бастамалар көрініс тапқан.
Визуальді, сенсорлы және интерактивті тәсілдер арқылы ұсынылған экспозиция Арал маңындағы бай табиғат пен мәдениет жайында сыр шертеді.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы "Жаһандық климат сын-қатерлері кезеңіндегі Орталық Азия" халықаралық конференциясына қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Орталық Азияның планетадағы климат өзгерістеріне ең осал өңірлердің бірі екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, мұнда жаһандық жылыну әлемдегі орташа көрсеткіштен екі есе жылдам жүріп жатыр. Аймақ тосын табиғат құбылыстарымен, мұздықтардың еруі, шөлейттену және су тапшылығы секілді сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова