Денеге сурет салғызу, пирсинг, ерекше көрінудің басқа да тәсілдері көпшілік үшін адамның даралығын көрсететін белгіге айналғалы қашан. Ал жұмыс берушілердің денеге түрлі сурет салғызуға деген көзқарасы айтарлықтай өзгерді. Бірақ денедегі суреттерді көрсетуге болмайтын сала түрлері бар, әйтпесе бастығыңыздың көзіне жаман түсіп не жұмысыңыздан айырылып қалуыңыз мүмкін. HeadHunter мамандары қай салада татумен жүруге болатынын, ал қай салада қатаң ережелерді ұстанған дұрыс екенін анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тату қай салаға кедергі келтірмейді?
Денеге сурет салуға не оны тесуге құмарларға шығармашылық саласындағы жұмыс сәйкес келеді. Өйткені бұл ортада жұмыс берушілер - көбіне жастар. Олар дамуға бейім, кез келген нәрселерге ашық және ішкі әлемді сыртқы атрибуттармен білдіру маңызды деп санайды. Қызметкерлер үшін жұмыс берушілердің оларға ерекше болып көрінуге рұқсат етуі бағалы. Олардың айтуынша, бұл жұмыста ерекше қауіпсіздікті, жайлылық пен сенім атмосферасын туғызады.
"Мен қазір жұмыс істейтін салонда және оған дейінгі салондарға жұмысқа тұрғанда, тату мен пирсингке байланысты ешқандай қиындық болмады. Десе де, шаштараз - адамдарды өзгертетін, оның сырт келбетіне тереңінен қарайтын сала. Мен 10-12 жыл бұрын алғашқы жұмысымда жұрт татуы бар қызметкерлерге таңмен қарайтын. Ал қазір бұл - қалыпты жағдай. Біз егер адам ерекше көрінгісі келсе, қуанышпен қабылдаймыз", - дейді Сұлулық салондары желісінің стилист-директоры Виктория.
Бұл жерде бизнес үшін кейбір артықшылық бар: қызметкерлердің бірінің ерекше бейнесі компанияның белгісіне айналуы және көбірек тұтынушыларды тартуы мүмкін.
Алайда барлық компания татуға оң қарамайды. Көп басшы жұмыспен қамту саласы белгілейтін ережелерді ұстанған дұрыс және сырт келбет туралы ережелерге бағыну керек деп санайды. Мемлекеттік қызметте, медициналық мекемелерде, банктерде, сақтандыру және басқа салаларда ұжым қатаң әрі ресми жағдайға үйреніп қалған, көбіне оларда жейдеден көрінетін тату немесе мұрынға сырға тағу сияқты нәрселер туралы сөз қозғалмайды.
"Біздің салада пирсинг пен тату салуға рұқсат етілмейді, өйткені біз тұтынушылармен жұмыс істейміз. Бұған түбегейлі қарсы емеспін, бірақ кеңседегі менеджерлерімнен тату көрінетін жерлерін жабуды сұраймын. Дегенмен бізде белгілі бір дресс-код, форма бар және тұтынушылар бізді осы формада көруі керек. Адамдар әртүрлі, ал біз ешкімді ренжіткіміз келмейді немесе олардың ашуына тигіміз келмейді. Бұл туралы компанияда ереже жоқ, бірақ қызметкерлерге айтып ескертеміз", - дейді Сақтандыру бөлімінің басшысы Ксения.
Жұмыс беруші еңбек шартын денедегі суреттерге не мұрындағы сырғаға қарап үзуге құқығы жоқ. Әсіресе жұмыс уақытында оларды жасырамын деп келіссеңіз. Алайда ымыраға келе алмасаңыз және сіз үшін барлығын ашық көрсету маңызды болса, жағдай қиын болуы мүмкін. Компанияда дресс-кодты және пирсинг пен тату жасауға тыйым салатын ережелер болса, мінез-құлқыңыз ішкі жұмыс тәртібін бұзу деп саналуы мүмкін. Бұл үшін тәртіптік жаза алуыңыз да ғажап емес. Бұл тіпті жұмыстан шығаруға себеп болуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін татуға қатысты кей аңыздардың шындыққа жанаспайтынын анықтаған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!