Перизат Қайратқа прокурор қандай жаза сұрады?

Қоғам белсендісі Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваның ісі бойынша өткен сот отырысында прокурор Арман Казекен айыптаушы тараптың айыпталушыларға қандай жаза сұрайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тараптардың жарыссөзінде прокурор Перизат Қайратқа мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ал оның анасы Ғайни Алашбаеваға орташа қауіпсіздік мекемесінде 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынды.

Еске салайық, кеше Перизат Қайраттың ісі бойынша сот отырысы жабық режимде өтті. Бұл – банк құпиясын қамтитын құпия деректердің қаралуына байланысты қабылданған шешім.

Соттың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, күннің бірінші жартысында заттай дәлелдер қаралды. Тараптар бірқатар өтініштер білдіріп, айыпталушы Перизат Қайраттан жауап алынды. Ал Ғайни Алашбаева өз құқығын пайдаланып, жауап беруден бас тартты.

Перизат Қайрат туралы не белгілі?

Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.

2024 жылы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. 

Сонымен қатар ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа көлігін сатып алған.

2024 жылы 16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады. 

2024 жылы 13 желтоқсанда Перизат Қайраттың элиталық пәтерлері, қымбат көліктері бұғатталды. Сондай-ақ Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т. б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киімдері, аяқкиімі, зергерлік бұйымдары, сөмкелері тәркіленді. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!