- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Нарколог есірткі...
Нарколог есірткі қолданған адам өзін қалай ұстайтынын айтты
Қазақстандықтар бірнеше күн қатарынан Төреғали Төреәлімен болған оқиғаны талқылап жатыр. Әншіні Алматы жолында полиция қызметкерлері ұстаған болатын. Қалалық сот оның есірткіге мас болғанын анықтаса, әртістің заңгері оның сау болғанын айтады.
Адамның сырт келбетіне қарап оның психотроптық заттардың әсерінде екенін анықтауға бола ма? Tengri Life тілшісі қазақстандық наркологтан есірткі қолданған адам өзін қалай ұстайтынын сұрады.
Бұл материал 21 жастан асқан тұлғаларға арналған.
Психикаға әсер етеді
Астанадағы Психикалық денсаулық орталығының анонимді бөлімінің меңгерушісі Әсел Джузенова анаша, кокаин, героин, мефедрон секілді психикалық белсенді заттар ең алдымен, адамның психикалық жағдайына әсер беретінін түсіндірді.
"Бұл кезде зейін қою, есте сақтау, реакция жылдамдығында айтарлықтай өзгерістер байқалады. Психикалық белсенді заттарды қолданғанда көлік құралдарын айдауға болмайды. Бұл оның өзіне де, айналасындағы адамдар үшін де өте қауіпті. Бұл үшін заң алдында да жауапкершілік қарастырылған", - деді ол.
Психикалық белсенді заттар қалай әсер етеді?
Маман психикалық заттардың әртүрі адам әрекетіне қалай әсер ететінін түсіндіріп берді. Дәрігер олардың барлығы адам денсаулығына зиян екенін ескертті.
Марихуана
"Марихуананы ұзақ қолданса, когнитивті проблемаларға әкеледі. Оған ойлаудың, есте сақтаудың, зейін қоюдың және т.б бұзылуы жатады", - дейді Әсел Джузенова.
Кокаин
"Кокаинді ұзақ қолданса, ұйқының бұзылуы, тәбеттің жоғалуы, есте сақтау мен зейіннің нашарлауы, ашуланшақтық, агрессивті әрекет, депрессия байқалады", - деді маман.
Героин
Героин қолданатын адамдардың көзінің қарашығы кішірейген болуы және көз алмай қарауы мүмкін. Сондай-ақ қысымы төмен болады.
"Олар аяқта тіке тұруға қиналады. Тыныс алуы баяулап кетеді. Әдетте, түсініксіз сөйлейді", - деп ескертті ол.
Мефедрон
"Мефедрон психиканы қуаттандырады: оның әсері 15 минуттан кейін басталып, шамамен екі-үш сағатқа созылады. Бұл зат адамды гипербелсенді етіп жібереді, адамдармен сөйлескісі келеді, адамдарға сенгіш болып кетеді, ұйқысы бұзылады және либидосы артады", - деп түсіндірді маман.
Статистика қандай?
2023 жылы сәуірде Денсаулық сақтау министрлігі есірткі қолданатын қазақстандықтар жайлы мәлімет ұсынды.
2023 жылы 1 наурыздағы жағдай бойынша, "есірткі құралдарын қолданғаннан пайда болған психикалық бұзылыс" диагнозымен динамикалық бақылауда тұрған адамдар саны 18 216 құраған болатын.
- 2020 жылы - 20 259 адам;
- 2021 жылы - 18 689 адам;
- 2022 жылы - 18 085 адам.
Көмек сұрау үшін қайда хабарласуға болады?
Әсел Джузенова нашақорлықпен қиналатын адамдарға көмек сұраудан ұялмауды ұсынды.
"Мысалы, Астанада қалалық психикалық денсаулық орталығындағы анонимді бөлім көмегіне жүгінуге болады. Біз былай көмектесеміз: бірінші кезеңде - уытсыздандыру, екінші - оңалту. Бұл жерде науқастармен психотерапевттер, психологтар, тәуелділік бойынша консультанттар жұмыс істейді", - деді ол.
Сондай-ақ дәрігер дағдарыс орталығының сенім нөміріне 8 (7172) 54-76-03 хабарласуға шақырды.
Бүгінде кең тараған 7 тәуелділік
А. Жапатова