Қазақстанда жеке тұлғалар үшін смартфондарды тегін верификациялау мерзімі 25 маусымға дейін ұзартылды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, елге 25 наурызға дейін әкелініп, ұялы байланыс желісіне қосылған смартфондарға міндетті верификация жүргізілмейді.
"25 наурызға дейін әкелініп, еліміздің азаматтары қолдана бастаған барлық смартфон верификацияланған болып саналады. Олардың IMEI кодтары автоматты түрде "ақ" тізімге енгізілді", – деді Сейсембеков ОКҚ брифингінде.
Кәсіпкерлер мен халықтан түскен өтініштер көп болуына байланысты кәсіпкерлер үшін смартфондарды заңдастыру мерзімі бұған дейін 25 мамырға дейін ұзартылған болатын.
"Бұл мерзімді 25 наурызға дейін телефондарды әкеліп, бірақ сата алмай қалған бизнеске бердік. Мұндай құрылғылар қоймада немесе сөрелерде тұрған, бірақ желіге тіркелмеген болуы мүмкін. Біз сатып алушыларға бұл құрылғыларды базаға енгізу мүмкіндігін қарастырдық", – деді комитет төрағасы.
25 мамырдан бастап импорттаушылар үшін тегін верификация тоқтатылады. Әр құрылғының заңды жолмен әкелінгенін дәлелдеу талап етіледі. Сонымен қатар, министрлік жеке тұлғалар үшін верификациялау мерзімін тағы бір айға ұзарту туралы шешім қабылдады.
"Жеке тұлғаларға арналған құрылғыларды тегін верификациялау мерзімі 25 маусымға дейін ұзартылды. Егер сіз ақпанда немесе сәуірде телефон сатып алып, оны қосып үлгермеген болсаңыз немесе шетелден әкелген болсаңыз, 25 маусымға дейін тегін верификациядан өте аласыз. Бір адамға екі құрылғыға дейін верификация жасауға рұқсат. Бұл eGov Mobile порталы арқылы жүзеге асырылады", – деді Сейсембеков.
Ол верификация заңсыз әкелінген, ұрланған құрылғыларды сатпау үшін қажет екенін еске салды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда мыңдаған телефон бұғатталуы мүмкін екені хабарланды.
Құрылғыны сатып алмас бұрын оның IMEI кодын https://imei.rfs.gov.kz сайтынан тексеруге болады. Бұл азаматтарға жалған немесе ұрланған телефон сатып алудан сақтануға мүмкіндік береді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!