- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Маңғыстау облысында...
Маңғыстау облысында жаңа курортты қала бой көтереді
Маңғыстау облысында жаңа курортты қала салынады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, мемлекет басшысының биылғы маусымда өткен туризмді дамыту жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында Маңғыстау облысында өңірдің туристік әлеуетін дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Кендірлі курортты аймағында жылына 300 мың адамға дейін қабылдай алатын туристік қала салынады. Инженерлік инфрақұрылым құрылысы басталған.
"Кендірлі теңіз жағалауының ерекшелігі – шомылу маусымының ұзақтығы. Географиялық орналасуы да маңызды рөл атқарады. Ол өзінің бірегейлігінің арқасында туристерді тартуға ыңғайлы. Осыған байланысты президент Кендірлі туристік аймағын құру бойынша нақты тапсырма берді. Біз тиісті инфрақұрылымы бар және туристерге қызмет көрсететін арнайы туристік қалашық салуды жоспарлап отырмыз. Бұл Жаңаөзен қаласының негізгі жүктемесінің төмендеуіне жақсы әсер етеді", — деді Кендірлі ауылының әкімі Мекен Үйсенов.
Өңірге жұмыс сапары барысында мемлекет басшысының биылғы маусымда өткен туризмді дамыту жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларының орындалуына ерекше назар аударылды. Маңғыстау облысы әкімдігінің деректері бойынша биыл өңірге 215 мыңға жуық демалушы келіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда келушілер саны 9,5%-ға артқан.
Фото:primeminister.kz
Салада көрсетілген қызмет көлемі 6,5 млрд теңгеге жетті. Соңғы 2 жылда облыста қонақ үйлер мен демалыс орындарын салу бойынша 4 ірі инвестициялық жоба іске асырылды. 2025-2027 жылдары туризм саласында 500-ден астам жұмыс орнын ашу арқылы тағы 12 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет