І курс студенттері шәкіртақысы кешігіп жатқанын айтып шағымданды. "Қаржы орталығы" АҚ бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қаржы орталығы" АҚ 2024-2025 оқу жылының 1-семестрінің 1-курсында білім алушыларға биылғы жылдың қыркүйек айының мемлекеттік стипендиясын төлеу 2008 жылғы 7 ақпандағы №116 ҚР Үкіметі қаулысымен бекітілген қағидаларға сәйкес 30 қыркүйектегі жағдай бойынша ЖЖОКБҰ есептерін тексергеннен кейін қазан айының ішінде жүзеге асырылатынын хабарлады.
"Сондай-ақ жаңадан түскен Медициналық жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттеріне қыркүйек айының стипендиясы қазан айында екі айға (қыркүйек-қазан) қосылып төленетінін хабарлаймыз. Төлемдер айдың аяғында (қазанда) жүргізілетін болады.
Ауыспалы курс студенттерінің контингентіне (барлық басқа студенттерге) қыркүйек айының мемлекеттік стипендиясын төлеу ЖЖОКБҰ ұсынған есептерге сәйкес жүзеге асырылады, яғни стипендия қыркүйек айының соңына дейін түсетін болады", - делінген хабарламада.
Еске салайық, жаңа оқу жылынан бастап қазақстандық студенттердің шәкіртақысы көбейгенін хабарлаған едік.
1 қыркүйектен бастап колледж студенттерінің шәкіртақысы 50 пайызға артып, жұмысшы мамандықтарда оқитындар ай сайын 43 574 теңге, орта буын мамандары болса 41 896 теңге шәкіртақы алатын болды.
Ал бакалавриат студенттері 47 135 теңге шәкіртақы алса, педагогикалық және медициналық бағыттарда оқитындар 75 600 теңге алады.
Интернатурада оқитындарға 85 376 теңге, ал резидентурадағыларға 123 122 теңге шәкіртақы төленеді.
Магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15 пайызға көбейді. Сәйкесінше, олар 107 061 теңге және 240 мың теңге алады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!