Жақында Желіде ер адамның "қазақтар туысқандарымен шаңырақ көтеруі керек, сол кезде текті болады" деген видеосы тарады. Шариғатта шынымен немере-ағайындарға отбасын құруға рұқсат етіле ме? Қазақтың ежелгі салт-дәстүрінде бұған қатысты қандай уәж айтылған? Қазақ мифологиясын зерттеуші, жазушы, философия ғылымдарының кандидаты Зира Наурызбай әлеуметтік парақшасында бұған қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл видео кәсіпкер Ахметбек Нұрсиланың Facebook-парақшасында пайда болған. Онда ер адам "қазақ қыздары тек туыстарына күйеуге шығу керек, сол кезде ғана қазақ халқы текті болады" деген пікір айтқан.
Шынымен бұл туралы Құран аятында айтылған ба?
Ән-Ниса сүресінің 23-аятында "Сендерге өз аналарыңмен, туған қыздарыңмен, әпке-қарындастарыңмен, әкелеріңнің әпке-қарындастарымен, аналарыңның әпке-сіңлілерімен, туған бауырларыңның қыздарымен, әпке-қарындастарыңның қыздарымен, сүт аналарыңмен, емшектес әпке-қарындастарыңмен, қайын енелеріңмен және жақындасып қойған әйелдеріңнен туған қолдарыңдағы өгей қыздарыңмен некелесу харам етілді. Ал жақындаспай тұрып ажырасып кеткен әйелдеріңнің қыздарына үйленсеңдер күнә болмайды. Сондай-ақ, сендер үшін бел балаларыңның жұбайларына үйлену, һәм апалы-сіңілі екі қызды бірдей әйелдікке алу харам етілді. Ал бұдан бұрын (надандық дәуірінде) болған іс болды. Расында, Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді" делінген.
Демек, аятта келтірілгендерден басқа туысқандармен некелесуге болады. Мұсылман халықтарында бөлелердің немесе немере ағайын секілді туған-туыстардың бір-бірімен үйленуі осы аятқа негізделген. Дегенмен, ислам діні бойынша да әсіресе халифалар тұсында алыстан қыз алу құп көрілген.
Зира Наурызбаева бұл тақырыпты Шәкәрім Құдайбердіұлының "Қалқаман-Мамыр" дастанына талдау жасап көтереді.
Ислам дінінде немере ағайындардың отбасын құруына рұқсат етілген, ал қазақтарда 7 атадан асып қана бас қосады. Яғни, ежелден қазақтар бір рудан қыз алып, құда атанбаған.
"Қазақтарда шариғат рұқсат еткен туыспен некелесу тақырыбы бұрыннан көтеріліп келеді. Мысалы, "Қалқаман-Мамыр" атты ғашық туыстар туралы дастанда Шәкәрім Құдайбердіұлының "Шариғат қосады екен немерені" деген жолы бар, яғни шариғатта немере ағайындарға үйленуге рұқсат етіледі (негізінен ғашықтар немере туыс емес, бірақ солай суреттелген). Әрине, мұны Шәкәрім емес, туысына ғашық болған кейіпкер айтады. Бірақ ақын толығымен солардың жағында: оларға жаны ашиды, оларды жазықсыз деп санайды", - дейді мифолог.
Мифологтың айтуынша, ақын бір-біріне ғашық туыстарды өлім жазасына кесуді талап ететіндерді үнемі "надан" дейді. Жалпы дастанда дінге баса мән берілген.
"Ғашықтар исламда туысқандар арасындағы некеге рұқсат етілгені туралы үнемі айтады. Мысалы, Қалқаман Мамырды "Ер жеткен қыз еркімен ерге тиер... Молдалардан есіттім әлдеқашан. Мамыр-ау, мені сүйсең, кетпе жатқа, Құдайға хақ, ісім жөн шариғатқа" деп көндіреді (ақынның айтуынша, сол заманда молдалар махаббатпен үйленуге үгіттеген). Бұл Қалқаман мен оның замандастарының сөзі емес, оқиға өткен соң 200 жылдан кейінгі Шәкәрімнің берген түсіндірмесі екенін тағы еске салайын. Шынында Қалқаманның сонша діндар болған-болмағанын қазір білу мүмкін емес. Бірақ бұдан 100 жыл бұрын ақын таңдау еркіндігін ежелгі әдет-ғұрыпқа қарсы дінмен байланыстырған", - дейді Зира Наурызбай.
Зира Наурызбайдың айтуынша, бұл - ХVІІІ ғасырда болған оқиға.
"Бұл 1722 жылы болған оқиға немесе ақынның айтуынша солай. Дастанда Мамырдың туыстары оны өлтіріп, Қалқаманның туыстарынан да жігітті өлтіруін талап етеді. Бірақ ол тек жараланып, Тобықты еліне ренжіп, Ұлы жүзге, Шапырашты еліне кетеді. Сонда үйленіп, ұрпақ қалдырады. Мен естіген басқа нұсқа бойынша екі ғашық та тірі қалған, екеуі қашып кеткен, олардан ұрпақ тараған. Алматы батысындағы "Мамыр" және "Қалқаман" ықшамаудандары солардың есімімен аталады. Дастан қазір мектепте оқытылып жатыр, демек жақын туыстар арасындағы некеге рұқсат ету идеясы жасөспірімдердің санасында қалыптасып келеді. Шәкәрімнің кезінде қазақтар салт-дәстүрді берік ұстанатын. Қазір ол әлсіреп, керісінше "таза" исламның насихаты күшейіп жатыр", - дейді миффолог.
Мифологтың айтуынша, жалпы бұл дастан психологиялық тұрғыдан да қызық. Автор (Шәкәрім Құдайбердіұлы - еск.) өз ойын жеткізу үшін махаббат хикаясы сылтау қылған секілді. Қалқаман тіптен ессіз ғашыққа ұқсамайды, ол 15 жастағы жас қызды алдап-арбайды. Оған қоса, Мамыр - еркекшора, байдың жалғыз қызы. Ерлердің киімін киіп, қой бағады. Оның тіпті бұл жағдай туралы ақылдасатын жақын жеңге-құрбылары да болмаған шығар. Нәтижесінде ол Қалқаманға рақымшылық беруін жалынып өледі. Ал Қалқаман нағашы-шапшраштыларға кетіп, сол жерде басқа қызға үйленеді. Зира Наурызбаеваның айтуынша, Қалқаман дәстүрді бұзғаны үшін жазаланбайтынын білген сияқты. Оған қоса, ол Мамырдың өліміне емес, өзін өлтірмек болғаны үшін ренжіп кеткен сияқты.
"Егер мен мектепте сабақ берсем, осыны басты назарға қояр едім. Бұл қыздарға жақсы сабақ болар еді", - дейді мифолог.
Қорытындылай келе, қазақта "жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жейді" деген сөз бар. Қазақтар ежелден жеті атаны білу дәстүрін қастерлеп, ұрпақтан ұрпаққа өсиет еткен. Тіпті жеті атаға дейінгі туысқандар бір-бірімен қыз алыспаған. Ал ислам дінінде немере ағайындылар арасында некелесуге тыйым салынбаған, дегенмен ол қоғамда жақсы қабылданбаған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз