Қайтарылған активтер қаражатының 5,1 млрд теңгесі Қарағанды облысының су құбыры желілерін салуға және реконструкциялауға бөлінген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысының инфрақұрылымды дамыту және халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан Қарағанды облысында су құбыры желілерін салуға және реконструкциялауға 5 млрд теңгеден астам қаражат бөлді.
Қаржыландыру қайтарылған активтер қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Жобалар облыстың бірнеше елді мекендерінде - Қарағанды қаласында, Тихоновка, Садовое, Колхозное, Ақтерек, Әлихан ауылдарында, сондай-ақ Көктенкөл стансасында іске асырылып жатыр.
Су құбыры желілерін салу және реконструкциялау жұмыстары олардың тозу деңгейінің жоғары болуына байланысты қолға алынған. Көптеген желілер ондаған жылдар бойы күрделі жөндеусіз пайдаланылып, апаттар мен су беру үзілістеріне, тұрғындардың шағымына себеп болып келген. Барлық жұмысты биылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Бүгінде Қазақстанда елді мекендерді кезең-кезеңімен ауыз сумен қамтамасыз ету жоспары жүзеге асырылып жатыр. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, Қарағанды қаласы тұрғындары ауыз сумен 99,4%, ал ауылдар халқы 97,9% қамтылған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз