Қонаев қаласының елуге жуық кәсіпкері қала әкімдігінің жағалауды жөндейміз деген шешіміне қарсы шықты. Себебі, бұған дейін оларға ешкім алдын ала ескертіп, хабарламаған. Ал, көбісі жағалауда демалыс әрі сауда орындарын жасау үшін өз қаражаттарын жұмсаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаладағы негізгі жағажай 6 жыл бұрын қалыпқа келтіріліп, жан-жағы абаттандырылған. Сол тұста қала әкімдігі жерді 42 учаскіге бөліп, кәсіп ашамын деген жандарға бөліп берген. Арасында көпбалалы аналар, зейнеткерлер мен мүгедектер де бар. Олар жалға алған жердегі сауда нүктелерін өз қаражат есебінен тұрғызған. Кәсібін кеңейту үшін несиеге жүгініп, қарыз алған. Сөйтіп жаз айларында кәсібінен нәсіп тауып отырғанда аяқ астынан жағалау жаңартылады, демалыс орындары бұзылады деген шешімді естіп, аң-таң болады.
"Біз бизнесті дамыту үшін несие алып, ақша жұмсадық. Қаланы көркейтуге, хал- қадірімізше туризмді дамытуға қолайы инфрақұрылым жасадық. Енді соның барлығын бір ақ күнде сүріп тастамақшы. Бұны қалай түсінуге болады? Біз қайда барамыз сонда..." дейді кәсіпкер Қамбар Байекенов
Ал кәсіпкер Айнұр Жалымбетованың айтуынша барлығы жағажайдың жақсарып, қаланың көркеюін қолдайды. Бірақ, ертең далада қалмайтындай әкімдіктен кепілдік күтеді.
"Біз қалалық әкімдікке бардық. Олар жағаны жасаудың жобасы әзірлеп, сараптамаға жіберілгенін мәлімдеді. Наразылық танытқан соң бізге биылдыққа жұмыс істеуге рұқсат берді. Бірақ, суға түсу маусымы біткен соң бәрібір реконструкция жасалатындығын ескертті. Жағажай жөнделіп біткен соң бұрынғы орнымызға қайтып келуге кепілдік берулерін талап еттік. Олар 42 кәсіпкердің тізімін прокуратуға жіберді. Қала өзгереді. Оған қарсы емеспіз" деді кәсіпкер.
Қаладағы жағажайды жаңарту облыс орталығын дамытудың жаңа бас жоспарына сәйкес жүргізілмек. Алайда қазіргі уақытта қалалық әкімдік жөндеу жұмыстары қай кезде басталатындығын нақтылап айтпады.
Саламат Сабыр
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!