Азамат Есқараев әділет министрі лауазымынан босатылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Азамат Несіпбайұлы Есқараев Қазақстан Республикасының әділет министрі лауазымынан босатылды", - деп жазылған хабарламада.
Азамат Несіпбайұлы Есқараев 1979 жылы Алматыда дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын 2000 жылы Әділет министрлігінде маман ретінде бастаған. Бұл ведомствода ол 2005 жылға дейін әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді, содан кейін Алматы әкімі аппаратының бас инспекторы болып тағайындалды.
2006-2007 жылдары "Қазына" тұрақты даму қорының заң қызметі департаментінде жұмыс істеді, одан кейін Әділет министрлігіне қайта оралды.
2012-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қарсы күрес агенттігінің инспекциясының ұйымдастыру-бақылау департаментінің бастығы қызметін атқарды.
2014-2019 жылдары премьер-министр кеңсесінің заң бөлімінің меңгерушісінің орынбасары болды.
2019 жылдан 2023 жылғы қаңтарға дейін осы бөлімді басқарды.
Есқараев 2023 жылғы 4 қаңтардан бастап әділет министрі лауазымына тағайындалған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!