Астана Баку-Мәскеу дауында Бакуді таңдады - сарапшылар

Қазақстан Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігін Бразилияға жібереді. Әзербайжанның бұл шешімге көзқарасы қандай? Massaget.kz тілшісі материалында.

"Астана Баку-Мәскеу дауында Бакуді таңдады"

Minval мәліметіне сүйенсек, Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына қатысты қиын-қыстау кезде өзіндік ұстанымын көрсетті.

Сарапшылардың пікірінше, Баку мен Мәскеу дауында Астана қара жәшіктерді "Ресей лоббизм жасаған" ТМД халықаралық авиациялық комитетіне беруден бас тартқан.

"Қазақстанның көлік министрі Марат Қарабаев бастаған әуе апатын тергеу жөніндегі комиссия Әзербайжан, Ресеймен кеңескеннен кейін қара жәшіктер Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу орталығына (CENIPA) жіберілгенін хабарлады. Бұл шешім Президент Тоқаев осы мәселеде Баку жағында тұрғанын айқын көрсетті. Қазақстан Мәскеудің шексіз қысымына қарамастан, кінәлілерді тергеу мен жазалауға мүдделі екенін растап, жанама түрде Баку жағына шықты", - деп жазды әзербайжандық БАҚ.

"Түркиядан кейін ең жақыны Қазақстанға айналды" 

Сарапшылардың пікірінше, осы оқиғадан кейін Қазақстан Әзербайжан ішіндегі беделін еселеп арттырды.

"Қазір Баку көшелерінде сауалнама жүргізсе, онда Қазақстан Түркиядан кейін ең жақын және дос елдер тізімінде болуы мүмкін", -деп жазды басылым.

"Қазақстан Ресейдің аузына қарап отырмағанын көрсетті"

Жуырда ғана Әзербайжан президенті Қазақстанға алғысын білдіріп: "Қазақстанмен достығымыз бен бауырластығымыз осы ауыр сынақтан кейін күшейе түсті", - деді. 

"Астана шынайы түркі ынтымақтастығын көрсетті. Бакуден кейін Астана да Ресейдің аузына қарап отырмағанын көрсетіп, бұл мифті жойды. Әлі күнге дейін Кремль солай ойлайды", - деп жазды басылым.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшіктерін Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жіберу туралы шешім қабылданған болатын. 

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі Полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады. Аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз