Ақмола облысында жануарлардың аусыл ауруы жасырылған

Мәжілісте Қазақстандағы ветеринария жүйесін дамыту мәселелері талқылануда. Жиын барысында Бас прокуратура өкілі Бауыржан Мұқашев сөз сөйлеп, саладағы қауіпті құқықбұзушылықтарды жария етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бас прокурордың Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің табиғатты қорғау заңнамасының орындалуын қадағалау тобының аға прокуроры Бауыржан Мұқашев елдегі жануарлар ауруының өршуі эпизоотиялық ахуалдың күрделі екенін көрсететінін мәлімдеді.

"Тек өткен жылы сібір жарасы төрт өңірде - Ақмола, Жамбыл, Түркістан және Қарағанды облыстарында тіркелді. 100 мал қырылып, 37 адам ауру жұқтырып, оның бірі қайтыс болды. Биыл да Қостанай, Алматы және Жамбыл облыстарында осындай жағдайлар анықталды. Жалпы, үш жыл ішінде аса қауіпті аурулардың 900-ден астам ошағы тіркелді", - деді ол.

Айтуынша, бұл тек ресми деректер. Шын мәнінде көптеген фактілер жасырылып, олардың бірқатары тексерулер нәтижесінде расталған.

"Бас прокуратура Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің және оған қарасты ұйымдардың қызметін тексерді. Мысалы, 2022 жылы Ақмола облысында 14 мың бас ірі қара малдың аусыл ауруы жасырылған. Мұндай фактілер тағы үш облыста тіркелді. Прокурорлар 3 миллионға жуық есепке алынбаған малды анықтады. Бюджет жоспарлауы деректерсіз жүргізіледі, ал малға вакцинация мен диагностика жасалды деп жалған ақпарат беріледі. Тексеру барысында 30 мыңнан астам жалған актілер анықталды. Шын мәнінде бұл көрсеткіш одан да көп болуы мүмкін. Сондай-ақ сапасыз вакциналарды сатып алу және бағаларын 2 миллиард теңгеге көтеру фактілері бойынша тергеу басталды. Тергеуді Антикор жүргізеді", - деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар ол мал шаруашылығы өнімдерінің ішкі нарықтағы сауда нүктелеріне түсу процесінің барлық кезеңінде тиісті бақылаудың жоқ екенін айтты.

"Халық әлі күнге дейін санитарлық нормаларды бұза отырып, малды арнайы сою орындарынан тыс жерлерде сояды. Ал сөрелерге сапасы мен шығу тегі белгісіз өнімдер түсіп жатыр. Таңдамалы тексерістер барысында 5 мыңнан астам жалған ет өніміне қатысты анықтамалар анықталды. Оның ішінде елорда базарларында да осындай деректер бар", - деп түйіндеді Мұқашев.

Еске салсақ, 17 желтоқсан Астанада ет өнімдерін заңсыз сатумен айналысқан екі кәсіпорын анықталды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз