- Негізгі бет
- Өнегелі өмір
- Үш минутта әлемді...
Үш минутта әлемді мойындатқан әнші
47 жасар Шотландия тұрғыны Сьюзан Бойл үш минуттың ішінде бүкіл Ұлыбританияны, бір аптаның ішінде бүкіл әлемді жаулап алды. Оның жұлдызы жанған сәтін бейнелейтін бейнероликті 100 млн-нан астам адам қараған. Оның 20 млн-ы екі-ақ күнде тамашалаған.
«Өзімді Интернеттен ешқашан көрмеппін. Шын айтсам, оның не екенін де толық түсінбеймін. Бірақ оның үлкен екенін білемін, әрі соның арқасында қазір үлкен танымалдылыққа ие болдым», - дейді танымал британдық телебайқауда вокалдық дарынын көрсетіп, жұлдыз болған Сьюзан Бойл.
Британдық таланттарды іздейтін шоуға қатыспас бұрын, ол мүгедектерге берілетін жәрдемақыға өмір сүретін, «отырып қалған» әйел еді. Ал бүгінде ол – жұлдыз. Оның есік алдында әлемнің түкпір-түкпірінен журналистер сұхбат алуға кезекке тұрады, онымен тіпті Опра Уинфри де cұхбаттасқысы келеді екен. Шотландия премьер-министрі Алекс Сэлмондтың өзі әншіні осы триумфалды жеңісімен құттықтаған.
Сьюзан Бойл бүгінде күніне мыңдаған ризашылық білдірілген хаттар алып, жүздеген коммерциялық ұсыныстарға ие болып жатыр. «Les Misérables» («Шеттетілгендер») мюзиклінен «I dreamed a dream» ариясын орындағаннан кейін, Шотландияның қарапайым тұрғыны әлемдік жұлдызға айналды.
Сьюзан Бойл көпшіліктің назарына керемет даусымен ғана емес, фильм желісіне тұрарлық жеке өмірімен де ілікті. Ол туылған кезде алған жарақатынан мүгедек болып қалып, мектепте нашар оқиды, сұрықсыз болып өседі. 47 жасқа келсе де, ешқашан сүйісіп көрмеген және ешқашан кездесуге де бармаған. Ата-анасы қайтыс болып кетіп, шотландық Блэкберн ауылында жұмыссыздарға берілетін жәрдемақыға жалғыз өзі өмір сүрген.
Жеңіске жеткізетін әнді айтпас бұрын, Сьюзанның өміріндегі жалғыз махаббаты – оның Пебблз атты мысығы еді. Ал жанына медеу болған – шіркеу хорында ән айтып, атақты болса деген арман болатын...
«Мен 12 жасымнан бастап ән айтып келемін. Мектепте өтетін мейрамдарда, караоке жарыстары және тағы басқа әуесқойларға арналған жарыстарда өнер көрсеттім, міне, енді осы шоуға бағымды сынауға келдім» - дейді Сьюзан Бойл жұлдызы жарқырауға аз қалған сәтте.
Ол «Британия дарындыларды іздеуде» бағдарламасына 2009 жылдың 11 сәуірінде қатысады. Сахнаға түрі әдемі емес, шашы ұйпа-тұйпа, қарапайым киімді, әрі біраз жастарға келіп қалған әйел шыққанда, оның кейпіне қалжың сөздер айтылып, көрермендердің көзінен аяушылық байқалады.
Бірақ Бойлдың «Les Misérables» («Шеттетілгендер») мюзиклінен «I dreamed a dream» ариясын айта бергені сол еді, көрермендердің таң қалысында шек болмады. Бәрі орындарынан тұрып, қуаныштан шапалақ ұрды.
«Сіз осы жерде тұрып, әнші болғым келеді дегенде бәрі күлді. Енді ешкім күлмейді. Таңғалып отырмын», - дейді қазылардың бір мүшесі Пьер Морган Сьюзан Бойлдің өнерін тамашалағаннан кейін.
«Мен қатты қобалжудамын, өйткені бүкіл зал сізге қарсы еді, бәрі сіздің күлкіге қалып, жер болуыңызды күткен еді. Алайда сіз айтқан ән менің өмірімдегі ең әсерлі сәт болды. Сізді тыңдау – бір ғанибет!» - деп бөлісті тағы бір әділқазы Аманда Холден.
Алайда Сьюзан осы байқаудың жеңімпазы болған жоқ. Бірақ бұл оның әлемдік жұлдызға айналуына еш кедергі болмады. Осы күні Сьюзан Бойл «The Gift» деген атпен альбом шығарып, түрлі шерулердің басынан көрініп, әлем бойынша гастрольмен өнер көрсетуде.
Cуреттер: coverdude.com, music.open.ua, showbizspy.com
A. Mustafina