Ғылым – теңіз. Ғылым атты теңізде өзіндік орны бар тұлғаның бірі – тілші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Момынова Бағдан Қатайқызы. 30 жылға жуық ғұмырын арнаған ғылым жолында ұлағатты ұстаз өзіндік дара жолын сала білді. Алғаш профессор Хасан Кәрімовтің жетекшілігімен 10.02.02 – қазақ тілі мамандығы бойынша «Қазақ» газетіндегі қоғамдық-саяси лексика» (1993 ж.) атты тақырыпта кандидаттық диссертация, «Қазақ газеттерінің лексикасы» (1999 ж.) атты тақырыпта докторлық диссертация қорғаған жас ізденуші аянбай еңбек етіп, бүгінгі қазақ тіл білімі саласының дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Ерен еңбегінің арқасында 2005 жылы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлық иегері атанады. Екі мәрте ҚР Білім және Ғылым министрлігі тағайындаған «ЖОО-ның үздік оқытушысы» (2006, 2011 ж.ж.) болды.
Бағдан Қатайқызы өз еңбек жолын 1989-1992 жж. ҚазҰУ-дың аспиранты болып бастайды. 1992-1993жж. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қазақ тілі кафедрасының оқытушысы болған жас маман қара шаңырақта доцент, профессор дәрежесіне дейін көтеріліп, 2005-2008, 2011-2014 жж. қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарады. Үнемі ізденіс үстінде жүретін ғалым 2007 ж. Латын графикасына арналған БжҒМ тағайындаған ғылыми жобаның ғылыми жетекшісі; «Аджип ККО» компаниясының грантымен жұмыс істеген 10 адамнан тұратын ғылыми жобаның жетекшісі (2007-2010 жж.); 2012 жылдан ҚР ҚР Үкіметі жанынан құрылған Латын графикасына арналған мемлекеттік комиссия мүшесі; Қазтест, КазНЦТ-нің сараптаушысы (2008 жылдан бері).Когнитивтік зерттеулерге арналған Кемерово-Новосибирск-Алматы жаздық лингвистикалық мектебінің тең төрағасы (2013 ж.) қызметтерін де қоса атқарып келеді.
Бағдан Қатайқызының ғылыми еңбектері бірнеше бағытқа арналған:
1.Қазақ тілінің лексикологиясы.Ғалым бұл бағыттағы зерттеу жұмыстарын жүргізумен 1993 жылдан айналысады. «Қазақ» газетіндегі қоғамдық-саяси лексика» (1997 ж.8 б.т.), «Қазақ газеттерінің лексикасы: құрылымы мен жүйесі» (1999 ж. 15,5 б.т.), «Қазіргі қазақ тіліндегі қоғамдық-саяси лексика: әлеуметтік-бағалауыштығы, сөзжасамы» (2004ж.10 б.т.) монографиялардың, оқу құралдары мен сөздіктердің авторы. Профессор Б.Момынованың авторлығымен «Қазақ тіліндегі қоғамдық-саяси лексиканың түсіндірме сөздігі» (2004 ж. 10 б.т.), «Қазақ тіліндегі ым-ишараттың қазақша-орысша түсіндірме сөздігі» (2005 ж. 10 б.т.), «Махамбет тілінің сөздігі» (2009 ж.30 б.т.) жарық көрді және «Қазақ әдеби тілінің түсіндірме сөздігін» 1-т, 7-том, 11-томдарды құрастырушылардың бірі. Лексикологияның бір саласы терминологияға байланысты жазылған ондаған мақалалардың авторы және 2005 жылдан ҚР Мемлекеті жанынан құрылған Мемтерминком мүшесі болуын ғылым жолына берілген ғалым еңбегінің жемісі ретінде бағалауға болады.
2. Әдеби тілдің тарихы. Ғалым қарастыратын мәселелері көпаспектілі бағдары бар ғылым саласына қатысты өзіндік көзқарастар таныта алды. «Әдеби тілдің тарихын тану - жалпыхалықтық тілдің әдеби сұрыптаудан өтіп қырлануын, түрлі стильдік құралдар мен тілдік жаңа элементтермен толығуын, баюын, жаңа мағыналы сөздердің пайда болуын, олардың экспрессивті, эмоционалды бояуларының жандана түсуін, мәндес сөздердің мағыналық жақтан бір-бірінен алшақтауын, терминдену процесінің жүруін зерттеу» деп түсінген ғалым қазақ әдеби тілінің басты-басты проблемалары мен тенденциялық даму бағыттарын айқындады: Ғалымның бұл еңбегінде әдеби тіл туралы түрлі көзқарастар мен әдеби тілмен байланыстырыла оқытылатын тілдік ұғым-түсініктердің, теориялық проблемалардың шеңбері кеңейтіліп берілді; ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан басталып, ХХ ғасырға ұласатын, ХХ - ХХІ ғасырлардағы ұлттық жазба әдеби тіл туралы бұрын-соңды айтылмаған мағлұматтармен толықты. ХІҮ-ХҮІІІ ғғ. аралығындағы әдеби тіл дәуіріне байланысты бұрын-соңды жарық көрген оқулықтарда қамтылмай жүрген армян жазулы қыпшақ ескерткіштері туралы мәліметтер алғаш рет оқулықтың құрылымына енді. Орта ғасыр қыпшақтары тіліндегі ескерткіштер әр дәуірде, әр жерде, әр түрлі алфавитпен хатқа түскен. Ол жазудың түрлері араб, парсы, латын, армян, славян, руна жазулары болып келеді. Бұлардың қазақ, қарақалпақ, ноғай тілдеріне жақындығы, ал қыпшақ тіліндегі ескерткіштердің қазақ тілі тарихының ерте дәуірін зерттеуде аса маңызды қайнаркөз болатындығы көрсетіліп, оқулыққа армян жазулы қыпшақ ескерткіштері туралы мәліметтер енгізілді. Сөйтіп ескерткіштердің тілдік сипатымен студенттерді таныстыру көзделді. Бұл ескерткіштердің қазақ жазба әдеби тілімен байланысы, жазба тілдік нормаларға қатысы жөніндегі ғылыми пікірлер келтірілді. Кітаби тілге байланысты ғылыми байламдар, әсіресе соңғы жылдары айтылып жүрген пікірлер, ғылыми көзқарастар мен жаңа тұжырымдар енгізілді. Репрессияға ұшыраған зиялылардың мұралары баспа бетін көре бастағаннан бері ХХ ғасыр басындағы әдеби тіл туралы ғылыми мәліметтерді толықтырудың қажеттілігі туындады. Соған орай ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығында жарық көрген «Қазақ» газеті, «Темірқазық» журналы, «Абай» журналы, «Ызың» журналдарының қазақ әдеби тілін жетілдірудегі қызметтері сараланды. Әдеби тілдің функционалды стильдік тармақтарының жетілуі мен қалыптасуы процесі ХХ ғасыр басындағы М.Көпеев, Шәкәрім, А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, т.б. қазақ зиялыларының шығармалары негізінде нақтыланды. Қазақ диаспорасының әдеби тілі туралы мәселе көтерілді. Лексикография мен терминологияға байланысты материалдар толықтырылды. «Қазақ әдеби тілін зерттеу жүйесі» (2001 ж.-10 б.т.), «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (2007 ж. 15 б.т.) еңбектері мен әдеби тілдің репрессия жылдарына, ХХ ғ. басындағы әдеби тілдің тарихына арналған «Шәкәрім поэзиясының тілі. Лексика-функционалдық ракурс» (2008 ж.25 б.т.) монографиясы, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы газет тілінің ерекшеліктерін сараптаған ғылыми мақалалары, әдеби тілдің экологиясына, тіл мәдениетіне, қала тілі және жазба әдеби тілдің әлеуметтік сипатын ашуға арналған ғылыми мақалалары ғалымның көп жылғы еңбегінің нәтижесі еді.
3. Оқу үдерісіне байланысты айналысып жүрген келесі бағыты қазақ тілінің морфологиясына арналады. «Қазақ тілінің морфологиясы. Есімдер» (2007 ж.,10 б.т.), Қазақ тілінің морфологиясы (2014 ж., 18 б.т.) оқу құралдары менбірнеше ғылыми мақалалары қазақ грамматикасының зерттелуіне айтарлықтай үлес қоса алады
4. Тілдік қатынастағы бейвербалды амалдардың лексикалық, грамматикалық ерекшеліктерін зерттеуге арналған «Невербальные элементы коммуникации казахского языка» (В-Новгород, 2009 .-сб. Материалов конференции), «Қазақ тіліндегі ым-ишараттардың мағыналық топтары және параамалдардың аудармасы» (Пекин,2009 ж.), т.б. шетелде жарияланған ғылыми мақалалары және «Қазақ тіліндегі ым-ишараттың қазақша-орысша түсіндірме сөздігі» (екі тілді) (2005 ж. 10 б.т.) жарық көрді.
5. Кейбір ғылыми еңбек өзінің жаңалығымен, тың пікірлерімен оқырман қауымын сүйсіндіріп, қайта үңіле беретін оқулығына айналады. Міне, осындай туындының бірі - ғалымның «Тілдегі жаңа бағыттар мен типтік қатынастар» (Алматы: Арыс, 2009) атты еңбегі. Бұл еңбек жалпы қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттарға арналған тілдік зерттеулердегі лакундық кеңістікті толықтыратын сериялы еңбектердің бастамасы.
Бағдан Қатайқызының қазақ тілінің лексикологиясына, қазақ тілінің грамматикасына, тілдегі жаңа бағыттар мен типтік қатынастарға қатысты айтқан тың ойларының бағасы әрдайым жоғары. Оны бүгінде ғылым жолында жүрген әрбір тілші ғалым мен зерттеушілер мойындары сөзсіз.
Бағдан Қатайқызы – тәлімгер. Қазақ тіл білімінің сан-салалы бағыттары бойынша бірнеше шәкірттер тәрбиеледі.14 ғылым кандидатын, 1 ғылым докторын, 1 PhD докторын, 40-тан астам магистранттарды дайындады. Қазір апайдың шәкірттері Қазақстанның түкпір-түкпірінде қазақ тіл білімінің дамуына айтарлықтай өз үлестерін қосып келеді.
Бағдан Қатайқызының ғылыми шығармашалығы көпқырлы, жан-жақты, сан-салалы. Бағдан Қатайқызы адамдық келбеті мен білімділігінің арқасында ғылым атты теңізде өз дара жолын сала білді. Апайды мерейтойымен құттықтап, әлі де алар асуыңыз көп, салған дара жолыңыздың ғұмыры ұзақ болсын деген тілек білдіреміз!
Апайдың шәкірті,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті,
филология ғылымдарының кандидаты Саткенова Ж.Б.