- Негізгі бет
- Өнегелі өмір
- Туырлық тілу...
Туырлық тілу
Қазақта араздасқан адамдар ат кекілін кесісіп кетеді. Ат кекілін кесісудің тағы бір түрі туырлық тілу. Туырлық - киіз үй жабдығы. Туырлықты кез келген өткір қарумен тіліп жіберу - енді қайтып бітіспейміз дегендік. Бұл тек қатты араздасқан адамдар арасында болады. Туырлығын тілу туралы нақты деректі ел аузындағы «Жәнібектің сілесі» атты аңыздан білуге болады. Аңыз былай өріледі.
Жәнібек батыр Жантекейді (ру) бастап «кең түп, тар түп деген жер бар, қыс болмайды, малға жайлы» деп елді көшіруге бастағанда, Базарқұл Қотырақ батыр Жәнібекке қарсы шығып:
- Жантекейді Алтайға апарамын, - дейді.
Жәнібек:
- Асанқайғы айтқандай Алтайдың топырағы жысқым, жері обырым, тасы алтыным, өлім көп болады. Сондықтан Алтайға барсақ аз ғана ру құриды, - дейді.
Жәнібек бастаған ауылдар көшуге қамданып, ат-көліктерін байлап, қомдап жатқанда, Қотырақ батыр келіп, Жәнібектің үйін найзалап:
- Жалғыз ауыл сары, ел басқарып көшуге қайдан жеттің, - дейді.
Қотырақ ұзаңқырап бара жатқанда, Жәнібек сыртқа шығып, қолын бұлғап шақырады. Қотырақ батыр: «Жәнібек менен қорқып, райынан қайтқан болу керек» - деп ойлап қайта қайтып келеді. Сонда Жәнібек Қотыраққа:
- Істеген жамандығым жоқ еді, аяқтағы суға ағып өл, көнектегі суға көміліп өл, батпақты суға батып өл, - дейді де, қош айтпай қала береді.
Көп өтпей сілеге ұшыраған батыр есі ауып, жынданып ауырады. Ақыры Ертістің аяғында Қаба жерінде суы жіліншіктен ғана келетін бір қарасу батпаққа түсіп өледі.
Ертістің осы Қотырақ өлген тұсынан қалай да бір өткел шығады. Бұрын ешқандай өткел болмаған екен. Ел Қотырақты «киелі адам» деп танып, осы өткелдің атын «Қотырақ өткелі» деп күні бүгінге дейін атасады екен.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: мұрағаттан
Қ. Қауымбек