Цицеронның өмір жолы

Аяулы оқырмандар! Назарларыңызға ежелгі Римнің әйгілі шешені, дарынды жазушысы, қоғам қайраткері Цицеронның өмір жолын ұсынамыз.

Цицерон Марк Туллий біздің заманымызға дейінгі 106 жылдың 3 қаңтарында дүниеге келді. Туған жері қазіргі Чивитавекки қаласының маңындағы Арпинум аймағы. Ата-анасы байқуатты адамдар болды. Соның себебінен, Цицерон 15 жасында Римге оқуға аттанады. Кілең сен тұр мен атайын дейтіндей дүлдүлдердің арасына тап болса да, жас бала еш қысылмай, өзінің ораторлық қабілетін жұртқа ерте мойындатты. Қалың жұрттың алдында алғаш рет б.з.д. 81—80 жылдары сөз сөйлеп, елді тәнті етті. Оның бұл монологы сол кездің билеушісі Сулланың қатігездіне қатысты болды. Ал б.з.д. 70 жылы сулландық алаяқ Верреске қарсы сот процесінде сөз сөйлеп, жеңіске жетті. Саяси сахнаға шамамен б.з.д. 66 жылдары шықты. Б.з.д. 63 жылы Римнің бірінші сенаторы мен консул қызметін атқарды.

Цицерон сенаторлардың алдында сөз сөйлеуде

Бірінші труимвират орын алғаннан кейін Цицеронның рөлі қоғам арасында сәл төмендеді. Тіпті б.з.д. 58-57 жылдары қуғын сүргін де көрген еді. Цезар мен Помпей арасындаға азаматтық соғыста екі тарапты татуластырғысы келіп, барынша тырысса да, ол әрекетінен ештеңе шықпады. Ақыры екі жақ бір-бірін қырып-жойып, түбі Цезарь жеңіске жетті. Бұдан кейін Цицерон саяси алаңнан алыстап, өзімен-өзі өмір сүруге талпынды. Алайда б.з.д. 44 жылы Цезарь өлтірілгеннен кейін, республикандықтардың көсемі, сенат басшысы болып қайта оралды. 

Алайда тыныш өмір баста ұзақ тұрақтамады. Б.з.д. 43 жылы екінші труимвират басталды. Бұл қырғын көтерілісті бастаған М. Антоний, Октавиан Август, Лепид деген кісілер еді. Ақыры осы алапаттың нәтижесінде дарынды оратор репрессияға ұшырап, алғашқылардың бірі болып өлтірілді. Бұл б.з.д. 43 жылдың 7 ақпаны еді (қазіргі Гаэта қаласының маңы). 

Марк Туллийдің артынан түрлі үзінділерді есептемегенде, 58 саяси монологы, риторикадан, саясаттан, практикалық философиядан, теориялық философиядан жалпы саны 19 трактаты қалды («Мемлекет туралы», «Заңдар туралы», «Тускуландық сұхбаттар», «Міндет пен парыз туралы», «Жамандық пен жақсылықтық шегі туралы», «Құдай туралы»). Сонымен қатар 800-ден аса хаттары мен қанатты сөздері сақталған.

 

суреттер: nibiryukov.narod.ru, wordpress.com